Өкпе дерті өрекпімесін

Әлем халқы апта басында туберкулез ауруына қарсы күрес күнін атап өтті. Бұл іс-шара 1982 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Туберкулез және өкпе ауруларымен күрес жөніндегі халықаралық одақтың (International Union against Tuberculosis and Lung Disease) шешімімен бекітілген. 1993 жылы ДДСҰ туберкулезді ұлттық апат деп мәлімдеп, 24 наурызды – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні деп жария­лады. Ал елімізде қауіпті кеселмен күрес қалай жүріп жатыр?

Елде 24 ақпан мен 24 нау­рыз арасында аурудың алдын алуға бағытталған айлық дәс­түрлі түрде өтіп келеді. Ма­ман­дардың сөзінше, биылғы нау­қанның ерекшелігі – тубер­ку­лезді ерте анықтауды күшей­ту, халықты скринингпен қам­ту­ды кеңейту және латентті ту­беркулез инфекциясын дер ке­зінде анықтап, емдеу шара­сын жетілдіру. 

Өлім-жітім азайған

Туберкулез әлі күнге дейін әлем­дегі жұқпалы аурулардан бо­латын өлім-жітімнің басты се­бебі болып отыр. Әлемде күн сайын 4 мыңнан аса адам ту­бер­кулезден қайтыс болады де­ген ақпар бар. Аурудың да­муы­на дұрыс тамақтанбау, ағза­ға зиянды өнімдер (темекі, ал­ко­голь, есірткі) тұтыну, кейде со­зылмалы аурудың әсері ық­пал етеді. ДДСҰ мәліметінше, ту­беркулезбен ауыратын ел­дер­дің қатарында Қазақстан 12-орын­да тұр. Дегенмен Қо­ғам­­дық ден­сау­лық сақтау ұлт­тық орталы­ғы­ның Инфекция­лық аурулар­дың алдын алу басқармасының эпидемиолог дәрігері Анаргүл Жү­нісова кейінгі жылдары ту­бер­кулез бойынша эпидемио­ло­­гиялық жағдай тұрақталып ке­ле жатқанын айтады.

– «Қазақстан 12-орында тұр» деген дерек қазіргі жағ­дай­ды то­лық сипаттай алмайды. Елі­міз туберкулез ауыртпалығы жо­ғары елдер қатарынан бір­тін­деп шығып келеді. 2025 жыл­­ғы мәлімет бойынша, Рес­пуб­ли­када туберкулез ауру­шаң­дығы 2024 жылмен салыс­тыр­ған­да, 10,6%-ға төмендеді, өлім-жітім көр­сеткіші 10%-ға азай­ды. Жаңа жағдай саны 6740-тан 6130-ға дейін төмен­де­ді. 100 мың халыққа шақ­қан­дағы ауру­шаңдық көрсеткіші 30,1-ге жет­ті. Дегенмен бұл мә­­­селе әлі де қоғамдық ден­сау­лық сақтау саласында маңызды ба­ғыт­тар­дың бірі болып отыр. Кейбір өңір­лерде аурудың кеш анық­талуы әлі де кездеседі, – дейді эпи­демиолог дәрігер.

Елімізде туберкулездің ал­­­дын алу, ерте диагнос­ти­калау және емдеу тегін жүреді әрі халықаралық стандарттарға сай заманауи әдістер қол­да­ны­лады. Сырқаттың алдын алудың ба­­ламасыз құралы – вакци­на­ция. Бала дүниеге келгенде, ту­беркулезге қарсы имму­ни­тет­ті дамытуға мүмкіндік беретін БЦЖ вакцинасын салу және 6-7 жасында қайта вакци­на­ция­лау аурудың дамуына қарсы тұ­рып, туберкулездің ауыр түр­лерінен қорғайды, бұл да ақы­сыз негізде жүргізіледі. Вакци­нация­ның әсері 5 жыл, егер ау­ру факторлары болмаса, адам туберкулезбен ауырмайды. Алай­да жаңа туған нәрестелер ара­сында вакцина алмай қала­тын жағдайлар да жетерлік. Со­ның салдарынан туберкулез жұқ­тырған балалардың саны жо­ғары деңгейде болып отыр, мұн­дайда сырқат та ауыр өтеді. Ауруға негізгі себеп – растал­ма­­ған ақпарға сенетін ата-ана­лар­дың вакцинаға қарсылығы. 2023 жылы Атырау облысында 700-ден аса адам туберкулезге шал­дыққан еді, олардың дені – вакцина алмаған балалар мен жа­сөспірімдер. Атырау об­лыс­тық фтизиопульмонология ор­­­талығының директоры Жаңа­бай Сағиевтің айтуынша, дүниеге кел­ген шақалақтардың 5-10 пайы­зы туберкулезге қарсы егіл­мей қалады. Сол себепті де ел­де өтіп жатқан туберкулезге қар­сы айлық халықты тікелей ақ­параттандыруға бағытталып отыр. 

«Мантудан» қорықпаңыз

–  Балаларына манту сына­ма­сын алдырмайтын ата-ана­лар да бар. Олар латентті тубер­ку­­­лезге қарсы ем алғысы кел­­­­­мейді. Рас, бұл әлі толыққанды тубер­ку­лез емес, бірақ латентті ту­бер­­кулез бактериясын жұқ­тыр­ған адам кейін бәрібір ауырады. Сон­дықтан ем қабылдау қажет. Соны көбі түсіне бермейді,  –  дейді дәрігер.

Расымен де, ата-аналар ту­беркулездің бар-жо­ғын анықтайтын Манту сы­на­ма­­­сына қарсылық танытады. Бұл сынама туберкулезді зерт­теу­мен айналысқан француз дә­рі­гері Шарль Манту есімімен атал­ған. Ауруды ерте анықтау мақ­сатында Манту сынамасы 1-14 жасқа дейінгі балаларға са­­­­­­лынады. Бала 15 жасқа тол­ған­­­да, флюрографияға түсу мін­­детті саналса, ересектерге ар­­налған профилактикалық әдіс – флюорография, шолу рент­генографиясы, ком­пью­тер­лік томография. Манту сы­намасы туберкулез мик­ро­бак­те­риясының сығындысы ар­­қылы тері астына енгізіледі, мамандар 3 күннен кейін тері­нің тығыздық өлшеміне қарап, сырқаттың бар-жоғын анық­тай­ды. Ата-аналар әдетте тері­нің қызаруы мен ісінуінен қор­қып, сынама салдыруға үзіл­ді-кесілді қарсы болады. Эпидемиолог Анар­гүл Жүнісова мұндай күй­ден қорқудың қажеті жоғын ес­кертті.

– Манту сынамасы – вак­ци­на емес, ол ағзада туберкулез ми­кобактериясына қарсы им­мун­дық жауаптың бар-жоғын анық­­тайтын диагностикалық әдіс. Сынама жасалғаннан кейін терінің қызаруы немесе ісінуі – қалыпты құбылыс. Әсі­ре­се, БЦЖ вакцинасын алған ба­ла­ларда мұндай реакция жиі бай­қалады. Бұл жағдай бала­ның мін­детті түрде туберку­лез­бен ауыр­ғанын білдірмейді, – дейді А.Жүнісова.

Дәрігердің сөзінше, кей жағ­дайда Манту сынамасы оң нәтиже көрсетуі мүмкін. Бұл сы­нама ағзаның жалпы иммун­дық реакциясын көрсетеді, егер де сынамаға күмәнмен қа­ра­саңыз және диагнозды нақ­ты­лау керек жағдайда Диас­кинтест жа­сату керек. Манту – кеңінен қол­данылатын жалпы ск­ри­нинг­­тік әдіс, ал Диаскинтест – туберкулез микобактериясына тән нақты антигендерге негіз­делген заманауи әдіс. Ол бел­сен­ді инфекцияны дәлірек анық­тауға мүмкіндік береді жә­не жалған оң нәтиже сирек кез­деседі. Бір ескеретіні, Манту сы­намасын жедел инфекция­лық, аллергиялық аурулар ке­зінде, тері ауруы мен каран­тин­дік жағдайда кейінге қалдырған жөн. Егер де Диаскинтест те оң нәтиже берсе, ағзада микобак­те­рия бары расталады, бірақ ауру белсенді түрде дамымайды және клиникалық белгілері бол­майды, тіпті өкпе, қан, зәр жә­не қақырық анализдері де қалыпты болуы мүмкін. Ағзада жасырын инфекция анықталса, оны ғылыми тілде латентті ту­бер­­кулез дейді. Бұл өзгелерге қауіп тигізбейді, алайда бола­шақ­та инфекция асқынып, ту­беркулезге айналмас үшін ер­терек ем алу қажет.

– Егер балада латентті ту­бер­кулез анықталса, про­фи­лак­тикалық ем тағайындалады. Әдетте ем түрі – 3-6 айға созы­ла­тын арнайы дәрілік терапия. Қазір қолданылатын препа­рат­тар қауіпсіз, бала ағзасына сай лайықталған және дәрігердің бақылауымен жүреді. Негізгі мақсат – инфекцияның бел­сенді туберкулезге айналуына жол бермеу. Емнен бас тарту болашақта әлдеқайда күрделі жағ­дайға әкелуі мүмкін. Со­нымен қатар жөтел екі ап­та­дан артық созылса, мін­детті түрде дә­рі­гер­ге қаралыңыздар. Бала­лар­ды профи­лактикалық тек­серу­ден уақытылы өткі­зіңіз­дер, – дейді А.Жүнісова.

Бүгінде ту­бер­­­­кулез то­­­лық емделетін ау­ру қатарына жатады. Қазір ел медицинасына қысқартылған емдеу схе­малары, дәріге төзімді түр­лерге арналған жаңа пре­па­рат­тар, жылдам диагностиканың заманауи әдістері енді. Соған қарамастан, сырқат атаулыға бейжай қарауға болмайды. Тубер­кулез – жұқпалы ауру, ем­дел­меген жағдайда айна­лаңыз­ға таралып, ауыр ас­қыну­ға душар болуыңыз мүмкін. Сол себепті де денсаулыққа жауап­кершілікпен қараған жөн.

Айсұлу СЪЕЗХАН