«Ұлттық ұлан» құрамасы «Жайдарманның» ширек финалына өтті

5451 әскери бөлімнің намысын қорғаған жайдарманшылар 11 команда қатысқан тартысты бәсекеде ең жоғары ұпай жинап, 1/4 финалға жолдама алды.

Қарағанды облысында өткен «Жайдарман» жоғары лигасының кезекті кезеңінде 5451 әскери бөлімінің «Ұлттық ұлан» құрамасы жарқын өнер көрсетіп, үлкен жетістікке қол жеткізді,  деп хабарлайды Aikyn.kz ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Әскери бөлім намысын қорғаған жайдарманшылар 11 команда қатысқан тартысты бәсекеде ең жоғары ұпай жинап, 1/4 финалға жолдама алды. Қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған команда өздерінің тапқырлығы, сахналық мәдениеті және өзекті әзілдерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Айта кету керек, «Ұлттық ұлан» құрамасы бұған дейін де «Маусымашар» кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, жеңімпаз атанып,  Jaidarman Cup  жарысына жолдама алған болатын. Аталған республикалық дода сәуір айында Астана қаласында өтеді деп жоспарлануда.

5451 әскери бөлімінің жайдарманшылары әскери қызметте ғана емес, мәдени-шығармашылық салада да кенде емес екенін дәллдеді. Бұл жетістік – әскери қызметкерлердің жан-жақты дамуына жасалған мүмкіндіктердің айқын көрінісі.