Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Ресейдің Ленинград облысында болған жанжалға қатысты түсініктеме берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, Санкт-Петербургтегі Қазақстанның Бас консулы оқиға орнында азаматтарға қажетті қолдау көрсетіп жатыр.
Министрлік мәліметінше, 2026 жылғы 26 наурызда Ленинград облысының Усть-Луга вахталық ауылында тұрмыстық сипаттағы жанжал орын алып, оған Қазақстан азаматтары да қатысқан.
Ерлан Жетібаевтың сөзінше, жағдайды жан-жақты және объективті анықтау мақсатында Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары тиісті процессуалдық шараларды жүргізіп, қақтығысқа қатысушыларды ұстаған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Қазақстан азаматтары арасында ауыр жарақат алған немесе ауруханаға жатқызуды қажет ететіндер жоқ. Оқиға орнындағы жағдай тұрақты және тиісті қызметтердің бақылауында.
Сондай-ақ Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы Ресейдің құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыс орнатқан. Бас консул оқиға орнына барып, азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп, жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр.