«Қаллеки тынысы»: үздік актерлер мен қойылымдар анықталды

Көрермендер таңдауы бойынша «Үздік актер» номинациясы актер, Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Жанат Оспановқа бұйырса, «Үздік актриса» аталымын Инабат Әбенова иеленді.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өткен дәстүрлі «Қаллеки тынысы» атты спектакльдер шеруі өз мәресіне жетіп, театр өнерінің үздіктері анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

21-27 наурыз  аралығында өткен «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруінде 2025 жылдың наурыз айынан 2026 жылдың наурыз айына дейін сахналанған премьералар ұсынылды. Әр қойылым арнайы театр сарапшылары тарапынан кәсіби талдаудан өтіп, шығармашылық тұрғыда жан-жақты бағаланды. Апталық аясында сарапшылардың қатысуымен арнайы шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, актерлік тәжірибе мен кәсіби шеберлікті арттыруға мүмкіндік берілді. Көрермендер де шараға белсенді қатысып, өз таңдаулары арқылы үздіктерді анықтады.

Көрермендер таңдауы бойынша «Үздік актер» номинациясы актер, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Жанат Оспановқа бұйырса, «Үздік актриса» аталымын Инабат Әбенова иеленді.

Сарапшылар алқасының шешімімен «Үздік актер» номинациясы Л.Толстойдың «Анна Каренина. Роман парақтары» спектакліндегі Алексей Каренин және М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» драмасындағы Сәрсенбай бейнелерін жоғары деңгейде сомдағаны үшін Жанат Оспановқа табысталды. Ал «Үздік актриса» номинациясы Б.Брехттің «Шеңбер» драмасындағы Груше Вахнадзе рөлі үшін Айкөркем Тұрановаға берілді.

«Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясын У.Шекспирдің «Romeo & Juliet» қойылымындағы Меркуцио және Д.Исабековтың «Қазақы комедия немесе Бонапарттың үйленуі» спектакліндегі Испанәлі образдары үшін Ұлан Қабыл иеленді. «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» аталымы «Romeo & Juliet» спектакліндегі Сүт Ана рөлі үшін Ботагөз Мақсұтоваға бұйырды.

«Үміт» номинациясы Л.Толстойдың «Анна Каренина. Роман парақтары» спектакліндегі Алексей Вронский, Б.Брехттің «Шеңбер» драмасындағы Симон Хахава және Ә.Кекілбаевтың «Күй» спектакліндегі Көкбөрі рөлдері үшін жас актер Қайыржан Садықовқа табысталды.

Сарапшылардың арнайы жүлдесіне «Жүрек сыры. Махаббатым сен...» спектакліндегі Бибі рөлі үшін актриса Айнұр Жетпісбаева ие болды.

«Театр тарланы» номинациясымен Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов марапатталды.

Сондай-ақ арнайы жүлделер табысталды: режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов Кекілбаевтар әулеті атынан арнайы сыйлыққа ие болды. Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл мен жас актер Марғұлан Наменов Ералы Тоғжанов атынан арнайы сыйлықпен марапатталды. ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ақмарал Танабаева Қазақстанның Халық әртісі, режиссер Талғат Теменовтің атынан арнайы сыйлыққа ие болса, актриса Арай Омарова белгілі дизайнер Жадыра Сахиеваның арнайы жүлдесімен марапатталды.

Театр күні аясында театр қызметкерлері де елеусіз қалмай, арнайы дипломдармен марапатталды.

Халықаралық театр күніне орай дәстүрлі түрде өтетін «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруі театрдың шығармашылық байланысын нығайту, премьераларды кеңінен насихаттау, актерлік шеберлікті жетілдіру, театр өнерінің үздік туындыларын қолдау және елорда көрермендерін Қаллеки театр өнерінің жоғары деңгейдегі үлгілерімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылады.