Айыппұлға наразылық: Түркістанда камераны сындырған күдіктілер ұсталды

Полицейлер қылмысты ашу барысында жақын маңдағы бейнебақылау жүйелерінің жазбаларын мұқият зерттеген.

Қылмыс бейнебақылау камераларының көмегімен ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға қала көшелерінің бірінде болып, салдарынан 700 мың теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.

Полицейлер қылмысты ашу барысында жақын маңдағы бейнебақылау жүйелерінің жазбаларын мұқият зерттеген. Соның нәтижесінде күдіктілердің қозғалыс бағыты анықталып, жедел-іздестіру шаралары кезінде олар қолға түсті.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға түнгі сағат 01:00 шамасында болған. Бетін маскамен жасырған екі азамат ұзын ағаштың көмегімен бейнекамераларды істен шығарған.

Аталған дерек бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, күдіктілер жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлға наразылық білдіріп, осы әрекетке барғандарын мойындаған.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.