Ресейдегі жаппай төбелес: Усть-Лугадағы оқиғаға қазақстандықтардың қатысы тексеріліп жатыр

Оқиғаға қазақстандықтардың да қатысқаны анықталған соң, еліміздің бас консулы шұғыл түрде оқиға орнына аттанды.

Ресейдің Ленинград облысындағы Усть-Луга вахталық кентінде жұмысшылар мен күзет қызметкерлері арасында жаппай төбелес болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиғаға қазақстандықтардың да қатысқаны анықталған соң, еліміздің бас консулы шұғыл түрде оқиға орнына аттанды.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев 2026 жылғы 26 наурызда аталған елді мекенде тұрмыстық сипаттағы жанжал болғанын растады.

Оның айтуынша, Ресейдің құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жедел шаралар қабылдап, төбелеске қатысқандарды ұстаған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

«Қолда бар мәліметке сәйкес, Қазақстан азаматтарының арасында ауыр жарақат алғандар немесе ауруханаға жатқызуды қажет ететіндер жоқ», – деді Ерлан Жетібаев.

Сондай-ақ ол жағдайдың тұрақты екенін және тиісті органдардың бақылауында тұрғанын атап өтті.

Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы Ресей полициясымен тұрақты байланыста. Бас консул отандастарға құқықтық көмек көрсету және оқиғаның мән-жайын нақтылау үшін оқиға орнына өзі барған.

Санкт-Петербург пен Ленинград облысы ІІБ мәліметінше, полиция бөліміне 31 шетелдік жеткізіліп, олардың 16-сы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Алдын ала деректерге сүйенсек, жанжал тұрмыстық негізде туындап, жақын шетелдерден келген жұмысшылар мен порттың күзет қызметкерлері арасында болған. Тәртіпсіздік кезінде бір автобус бүлініп, жұмысшылардың бөлмелерін тінту барысында 29 пышақ пен байланыс құралдары тәркіленген.

Қазіргі уақытта бұзақылық және бөтеннің мүлкін қасақана жою баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде жаппай төбелестің видеосы таралып, қолданушылар оқиғаға қазақстандықтардың қатысы болуы мүмкін екенін жазған еді.