Қызылордада алты баланың әкесі қаза тапқан жол-көлік оқиғасына байланысты дау туындады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Марқұмның отбасы күдіктінің әлі күнге дейін бостандықта жүргеніне наразылық білдіріп отыр.
Қайғылы оқиға 13 наурыз күні Қызылорда қаласындағы Тәуелсіздік пен Әлісов көшелерінің қиылысында болған. Апат салдарынан 45 жастағы алматылық Алмас Айыпов көз жұмды. Оның артында алты бала қалды, олардың екеуі асырап алынған.
Туыстарының айтуынша, соққының қатты болғаны сонша, марқұмның ВАЗ-2104 көлігі шамамен 70 метрге дейін ұшып кеткен. Салдарынан жүргізушінің аман қалуына мүмкіндік болмаған.
Апатқа қатысқан екінші көлік – Lexus 460. Рөлде 23 жастағы Әліби Боранбаев болған. Марқұмның жақындары оның жылдамдықты шамадан тыс асырғанын алға тартады.
«Ол қала ішінде рұқсат етілген 60 км/сағ жылдамдықтан әлдеқайда жоғары, шамамен 200 км/сағ жылдамдықпен жүрген», – дейді отбасы мүшелері.
Сондай-ақ туыстарының сөзінше, Lexus жүргізушісі соқтығысқаннан кейін оқиға орнынан кетіп қалып, кейін қайта оралған. Бірақ бұл ақпарат ресми түрде расталмаған. Бұдан бөлек Айыповтың көлігіндегі бейнетіркегіш жазбасына қатысты да күмән туындап отыр. Файл бар делінгенімен, ашылмайды.
«Бұл жағдай дәлелдерді жасыру немесе жою әрекеті болуы мүмкін деген күдік тудырады. Тергеудің ашық әрі әділ өтуін талап етеміз», – делінген марқұмның отбасы жасаған үндеуде.
Қазіргі уақытта адам өліміне әкелген жол апатына қатысты күдікті бостандықта жүр.