Теннисші Жібек Құламбаева Үндістандағы турнирде қос бірдей титулды жеңіп алды

Үндістан корттарында қарсыластарына мүмкіндік бермеген отандасымыз жұптық сындағы жеңісін жекелей турнирдің бас жүлдесімен толықтырды.

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Нагпур қаласында өткен ITF W15 сериясындағы турнирдің абсолютті жеңімпазы атанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Үндістан корттарында қарсыластарына мүмкіндік бермеген отандасымыз жұптық сындағы жеңісін жекелей турнирдің бас жүлдесімен толықтырды.

Финалда Құламбаева (WTA №419) жергілікті теннисші Сонал Патилмен (WTA №1159) кездесті. Қазақстандық спортшы алғашқы минуттардан бастап ойын тізгінін өз қолына алып, толық басымдық танытты. Нәтижесінде кездесу 6:1, 6:3 есебімен екі сетте сенімді жеңіспен аяқталды.

Нагпурдағы бұл қос жеңіс Жібек үшін ерекше мәнге ие. Себебі бұл – жарақатынан кейін кортқа қайта оралғаннан бергі маусымдағы алғашқы титулдары. Турнир барысында ол жоғары физикалық дайындық пен мықты психологиялық төзімділік көрсетті.

Айта кетейік, 10-11 сәуір күндері Жібек Құламбаева Қазақстан ұлттық құрамасы сапында әлемдік командалық чемпионат – Billie Jean King Cup турнирінің іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді. Астанада өтетін кездесуде қазақстандық команда Канада құрамасына қарсы ойнайды.