Астанада конкур бәсекесі қызды: елдің үздік шабандоздары іріктеліп жатыр

Ауқымды додаға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы облысынан 19 шабандоз және 34 ат қатысып жатыр.

Қатысушылар 120, 130 және 140 сантиметр биіктіктегі кедергілерден өту бойынша сынға түсіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ат спорты федерациясы бас хатшысының міндетін атқарушы Азат Толкунбековтің айтуынша, бұл жарыста еліміздің ең мықты шабандоздары бақ сынауда.

– Жабық кешендегі чемпионатта үздіктер анықталады. Жарыс қорытындысы бойынша іріктелген спортшылар сәуір айында Ташкент, Бішкек және Астана қалаларында өтетін әлемдік кезеңдерге қатысады. Биылғы басты мақсат – күзде өтетін Азия ойындарына жолдама алу. Маусым нәтижесіне қарай нақты шешім қабылданады, – деді ол.

Конкурдың басты ерекшелігі – қатысушылар жынысы мен жасына қарамастан, барлығы бірге жарысқа түседі.

Бүгінгі жарыс күнінің нәтижесі бойынша 120 см биіктіктегі кедергіден секіруде жеңімпаздар анықталды:

1-орын – Раиса Соколенко (Клюголд) – 1:02.72;
2-орын – Олег Соколенко (Кореандр вант лозерхоф Зет) – 1:02.94;
3-орын – Олег Соколенко (Кореандр вант лозерхоф Зет) – 1:04.72.

Жарыстың толық жеңімпаздары 29 наурыз күні белгілі болады.

Айта кетейік, өткен жылы Астана қаласы ұзақ үзілістен кейін конкур бойынша Еуразия лигасы әлем кубогының кезеңін қабылдаған еді.