Түркияға бармас бұрын ауа райын тексеріңіз: туристерге ескерту жасалды

Елдің батысындағы кей өңірлерде нөсер жаңбыр күнделікті өмірге тікелей әсер етті

Түркияда қолайсыз ауа райы бірнеше өңірде қатар әсер етіп жатыр. Елдің Жерорта теңізі бөлігінде күшті дауыл туралы ескерту жасалды: кей жерлерде жел жылдамдығы сағатына 90 шақырымға дейін жетуі мүмкін. Мамандар әсіресе теңізшілер мен балықшыларды, сондай-ақ жолға шығатын азаматтарды сақ болуға шақырды.

Елдің батысындағы кей өңірлерде нөсер жаңбыр күнделікті өмірге тікелей әсер етті. Манисада жолдарды су басып, кей көліктер жолда қалып қойған, ал Салихли ауданында өзен арнасынан асып, егістік пен кей үйлерге су кірген. Измирдің Өдемиш ауданында да қатты жауын салдарынан тасжолдың бір бөлігін су басып, қозғалыс қиындаған, кей жүргізушілер көліктерін эвакуатормен және тіпті трактормен шығаруға мәжбүр болған.

Бурсадағы Муданья–Алтынташ жағалау жолы жауыннан кейінгі топырақ көшкінінен уақытша жабылып, кейін қайта ашылған. Ал Кыркларели өңіріндегі Қазандере су қоймасында керісінше, жауын-шашын мен қардан кейін су деңгейі айтарлықтай көтерілген: былтыр шілдеде 1,92% болған толу көрсеткіші қазір 58,62%-ға жеткен. Бұл Түркияда ауа райы жағдайының өңірге қарай қатты өзгеріп тұрғанын көрсетеді. Сондықтан сапар алдында нақты баратын қалаңыздың ауа райын және жол жағдайын алдын ала тексеріп алған дұрыс.