Павлодар облысында далаға шығып, байланыссыз қалған төрт жұмысшы аман табылды.
ТЖМ мәліметінше, оқиға 28 наурыз күні болған. Сағат 15:00 шамасында ЖШС қызметкерлері Ақшиман ауылдық округінің дала аймағына жұмыс бабымен шығып, кейін байланысқа шықпай қалған.
Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметі, полиция және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды. Бүгін олар «Ақшоқы» маңынан табылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшылардың көлігі далада тұрып қалған. Қалың тұман салдарынан бағыттан жаңылып, жол таба алмаған.
Таңға жақын екі адам электр желілерін бағдар етіп, Малайсары–Ақшиман тасжолына өздері шыққан. Сол арқылы болған жағдайды хабарлаған. Қалған екі адам көлік жанында қалып, жолдан шамамен 16 шақырым жерде болған.
Медициналық көмек қажет болмаған. Барлығы аман, -деп жазылған ресми хабарламада