Атыраудағы қанды оқиға: Қарабалиндер отбасының өліміне күдікті өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Бұл туралы адвокаттар айыптың кеңейтілуіне байланысты мәлімдеді.

Атырау облысында Қарабалиндер отбасының өліміне қатысты резонансты іс бойынша басты күдікті Сұлтан Сәрсемалиев өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты azh.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы адвокаттар айыптың кеңейтілуіне байланысты мәлімдеді.

Полиция департаментінің дерегінше, күдіктіге қосымша «қайталанып жасалған кісі өлтіру» бабы (ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 13-тармақ) бойынша айып тағылған. Бұған дейін оған «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» айыбы тағылған еді.

Сонымен қатар іс материалдарында ұрлық (ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі) және алаяқтық (ҚК-нің 190-бабы) баптары да бар. Прокуратура мәліметінше, бұл эпизодтар марқұмдардың мүлкін иемдену және олардың малын заңсыз сату әрекеттерімен байланысты.

Адвокат Абзал Қасымжанов түсіндіргендей, «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» мен «қайталанып жасалған кісі өлтіру»  құқықтық тұрғыда екі бөлек ұғым. Біріншісі бір оқиға аясындағы қылмысты білдірсе, екіншісі әртүрлі уақыт аралығында жасалған бірнеше қылмысты қамтиды.

Санкцияға сәйкес, күдікті 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе өмір бойына сотталуы мүмкін.

Заңгерлердің айтуынша, қылмыстың ауырлығы, қоғамдағы үлкен резонанс және күдіктінің шетелге қашуға әрекет жасауы соттың ең қатаң жаза тағайындауына әсер етуі ықтимал.

Адвокат Самат Әбуев атап өткендей, түпкілікті жаза қылмыстар жиынтығы бойынша белгіленеді, бірақ ең ауыр бап қалғанын «жұтып» алады.

Еске салайық, бұл іс Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында бір отбасының қаза табуына қатысты қозғалған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр.