Батыс Қазақстан облысында полицияға қарсыласқан бір топ адам ұсталды

Нәтижесінде, мас ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке қамауға алынды. Ал қалған қатысушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, барлығы ұсталды.

Батыс Қазақстан облысында мас күйдегі ер адам мен оның қасындағы таныстары полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

29 наурыз күні таңғы сағат 05:00 шамасында Ақсай қаласында тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынның шақыртуы бойынша оқиға орнына барған. Олар алкогольдік мас күйде болған ер адамға қатысты тиісті шаралар қабылдамақ болған.

Бірақ тексеру барысында оның таныстары агрессивті әрекет танытып, полиция қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтірген әрі заңды талаптарға бағынбаған.

Нәтижесінде, мас ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке қамауға алынды. Ал қалған қатысушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, барлығы ұсталды.

Полиция өкілдері құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қысым көрсету мен заңды талаптарға бағынбау әрекеттері қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті.