Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілер мен бейнехостингтерде таралып жатқан зейнетақы төлемінен 20% ұстап қалу туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Министрлік мәліметінше, бейнероликтерде deepfake технологиясы арқылы жалған ақпарат таратылып жатыр. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері ҚР Ұлттық Банкі анықтайтын инфляция деңгейіне сәйкес 10%-ға артты. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғарысы 120%-ына дейін кезең-кезеңімен ұлғайтылуда.
Биылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге, ең жоғарғысы – 60 005 теңге.x
Ведомство азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды әрі жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.