Заң бұзған шетелдіктер елден шығарылды

Наурыз айында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алуға бағытталған «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Еліміздің барлық аумағын қамтыған іс-шара барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 7 мыңнан астам дерегі тіркелді. Соның ішінде 4,1 мың шетел азаматы елімізде болу қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 2,7 мың шетел азаматының заңсыз жұмыс істегені анықталған. Одан бөлек, 2,2 мың отандасымыз бен заңды тұлғаның шет­елдіктер туралы ақпаратты жасырып, дер кезінде полицияны хабардар етпегені анықталды. Тиісінше, олар да жауапкер­шілікке тартылды. Сондай-ақ 500-ден астам жұмыс беруші шетелдік жұмыс күш­ін заңсыз пайдаланғаны үшін жауап­кершілікке тартылды. Жедел іс-шара барысында осындай заңбұзушылықтарға байланысты жалпы сомасы 200 млн тең­геден астам айыппұл салынды.

1,5 мың шетел азаматының елде болуы мерзімі қысқартылса, 1,2 мың шетелдікті елден шығару туралы сот шешімі шықты. 212 шетел азаматы депортацияланды. Олардың 8-і дес­труктивті-радикал діни ағым өкілі екені анықталған. Елден шы­ғар­ылған шет­елдіктердің барлығы 5 жыл бойы Қазақстан аумағына кіре алмайды. Одан бөлек, ел шекарасын бұзғаны үшін – 9, заңсыз көші-қон ұйым­дастырғаны үшін – 9, шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзғаны үшін 6 қылмыстық іс қозғалған. Мұның бар­лығы қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстың алдын алуға, «Заң мен тәртіп» қағидаларын қатаң сақтауға бағытталып отыр. 

Арда БЕКЖАН