Көмірдің екінші тынысы: энергия мен экологияның жаңа келісімі

Кеше ғана «лас өндіріс» деп танылған көмір бүгін қайтадан стратегиялық құжаттарға өзек болып отыр.

Уақыттың таразысы өзгерді: Президент назар аударғандай, енді мәселе көмірден бас тартуда емес, оны қалай өркениетті игеруде. Қазақстан осы межеде «таза көмір» тұжырымдамасын игеріп, энергетикалық қауіпсіздік пен экологиялық жауапкершілікті қатар ұстануға талпынбақ. Бұл – табиғаттың мұрасын тәрк етпей, оны адал кәдеге жаратуды болашақтың талабына бейімдеудің күрделі, бірақ заңды қадамы.

Сала беталысы: кешегі күй, бүгінгі сабақ

Қуат өндіру үшін көмір жағу – әлемдегі ең бір лас өндіріс саналғаны шын. Будақ­таған қап-қара түтіні қаншама қаланы көмкеріп, тұрғындардың өкпесін қапты, денсаулығына соққы берді. 1991 жылдан соң сұраныстың төмендеп, елімізде көптеген шахта тоқырауға ұшырап жабылды, көмір экспорты құлдырады. 1996 жылы «Кара­гандауглеразрезы» мемлекеттік кәсіпорны жекешеленіп, шетелдік инвестордың шешімімен Қарағанды бассейніндегі бірқатар кеніш суға батырылды. Мұндай процесс осы шикізат өндірілетін өзге өңірлерді де шарпыды. Мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Бұл – тек өндірістің емес, тұтас әлеуметтік кеңістіктің күйреуі болатын. 

Алайда енді бұл саланың екінші тынысы ашылар сәті таяп тұр. Мемлекет басшысы «таза көмір» стратегиясын енгізуді тапсырды. Сала қайта түлеп, жаңа кейіпке енбек. Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында көмір жағатын ЖЭО-ларды салуға қайта оралу міндетін қойды. Жаңа заманның көмірлі стансалары ауаға лас­таушы заттарды аз шығаруға тиіс. Қазақ­станның 33 миллиард тоннаға жуық орасан зор көмір қоры бар. Қазіргідей қарқынмен өндіре берсе де, қоры тағы 300 жылға жетеді. Елде жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Бұл жөнінен қазақ елі әлемдегі көшбасшының бірі.

– Көмір – стратегиялық активіміз. Оның қоршаған ортаға зиянын түгел жоятын заманауи технологияны қолданып, көмірді толық пайдалану керек! Көмірмен қуат өндіру ісіне ұлттық жоба мәртебесі берілуге тиіс. Көкшетау, Семей және Өскемендегі жылу электр орталықтарының құрылысын тездету қажет. Оның қай-қайсысы да – маңызды жобалар. Бұл мәселе шешімін таппай, тым созбалаңға түсіп кеткенін мойындау керек. Жұртшылық оны асыға күтіп отыр. Мен Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының жұмысына сын-ескертпе айтамын, – деді Қ.Тоқаев. 

Бұл жерде мәселе тас кесек «қара алтынды» жай жағуда емес, оны қалай жағуда. Көмірден бас тартудың немесе ескі тәсілге қайтудың емес, жаңа тех­нологиямен жаңғыртудың маңдайалды үлгісі, алғашқы қарлығашы Көкшетау қаласында салынатын стратегиялық маңызды жылу электр орталығы (ЖЭО) жобасы болмақ. Оның құрылысына Мемлекет басшысы ерекше мән беріп отыр. 

Жаңа энергетиканың сынақ алаңы

«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов журналистерге түсіндіргендей, ЖЭО құрылысына ауданы 227 гектар жер телімі бөлінді: бес Ватикан сыятын бұл кеңістік – символдық түрде де жаңа дәуірдің кеңдігін аңғартады. Сондай-ақ күл-қож қалдықтарын жинайтын алаң үшін қосымша 130 гектар жер қарас­тырылыпты. Стансаның жобалық қуаты шамамен 240 МВт, ал жылу қуаты кемінде 520 Гкал/сағ болады. Сонымен қатар қала­ның келешектегі өсімі мен өңірдің қажетті­ліктерін ескере отырып, қосымша су жыл­ы­ту қазандықтарын орнату арқылы жылу қуатын тағы 300 Гкал/сағатқа дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылады.

Бірқатар бастапқы жұмыс аяқталыпты: күштік трансформатор орнатылып, уақытша жолдар, құрылыс штабы салынды. «Келесі сәуір айынан бастап жоба белсенді құрылыс кезеңіне өтеді. Жабдықтарды жеткізу 2027 жылдың І тоқсанына жоспарланған. Энер­гия нысандарының құрылысына шамамен 2,5 мың адам тартылады. Пайдалануға берілген соң 400-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады», – деді Қ.Мақсұтов.

Бұл жобаның ерекшелігі мен инно­ва­циясына тоқталған «Самұрық-Энер­го» бас­шысы жоба аясында кәсіпорын­ның экологиялық қауіпсіздігіне ерекше мән берілгенін тілге тиек етті: ЖЭО-да «таза кө­мір» технологиясы енгізіледі. Түтін газын кешенді тазарту жүйесі төмен эмис­сия­лы қыздырғыштар, катализаторлар және электр сүзгілерді қамтиды. Сонымен қатар түтін газдарын өңдеу кезінде құрылыс саласында пайдалануға жарамды гипс түзілетін күкірт тазарту реакторы орнаты­лады. Сөйтіп, станса Экологиялық кодекс тала­птарына толық сәйкес болады. Мұның бәрі көмірді «лас» атағынан арылтуға ба­ғыт­талған. Демек, технология – экологияның қарсыласы емес, одақтасы бола алатынын дәлелдеуге ұмтылыс байқалады.

Атап өтер жайт, курорттық Бурабай аймағына жақын орналасқан Көкшетау қаласы қарқынды өсіп келеді, оның сұранысын жаңғыратын қуат көздері толық қамтамасыз ете алмас еді. АЭС салынғанның өзінде оның тоғы бұл атырапқа жетпейді. Ендеше, қолжетімді көмір қалады. Үкіметтің мәліметінше, Көкшетау ЖЭО-сының құрылысы халықты сапалы әрі үздіксіз жылу-энергиямен қамтамасыз ету үшін ерекше маңызды. 

Тек қаланың өзінде 2035 жылға дейінгі кезеңде жылу энергиясына деген қажеттілік сағатына 840 Гкал-дан асады деп болжанды. Жыл сайын қалада 200-240 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ жаңа әлеуметтік нысандар – мектеп, аурухана, емхана, спорт мекемелері ашылып жатыр. Станса Көкшетаудың 195 мыңнан аса тұрғы­нын, Станционный кентінің жұртын жылумен қамтиды. 600-ге жуық көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтайды. «Самұрық-Энерго» мәліметінше, жобаны 2029 жылдың наурызында аяқтау жоспар­ланған. Жобаны оның еншілес ұйымы – «Көк­шетау ЖЭО» ЖШС жүзеге асыру үстінде.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов та Көкшетаудағы жаңа ЖЭО «таза көмір» технологияларын қолдана отыр­ып салынып жатқанына тоқталды. Бұл техно­логиялар заманауи сүзгілеу және көмірқышқыл газын ұстау жүйелерін қарастырады, сол арқылы қоршаған ортаға әсерді едәуір төмендетеді. Осындай стан­циялар Өскемен және Семей қалаларында да салынады. Бұл­арда түтін газдарын сүзу­дің озық жүйелері, ауыр металдарды тұ­тып қалу технологиялары қолданылуға тиіс. Екібастұз ГРЭС-3-тің (2 640 МВт) құрылысын салу үшін инвесторды айқындау бойынша тендер өткізілді және Курчатов қаласында ЖЭС (700 МВт) салу жоспар­ланған. Бұдан былай Қазақстанда көмірден алынатын қуат көзі таза көмір тех­но­логиясы базасында дамытылуға тиіс.

Қуат генерациясының жаңа картасы

Қ.Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын орындау шеңберінде өткен аптада Үкімет «Көмір генерациясын дамыту» жөніндегі ұлттық жобаны бекітті. Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Құжат Қазақстанның 2030 жылға дейінгі энергетикалық қауіп­сіздігінің стратегиясын айқындайды, сон­­дай-ақ индустрияландыру және цифрлық экономиканы дамыту барысында қажеттілігі бірнеше есе арта түсетін базалық қуаттардың тапшылығын жоюға бағыт­талған.

Үкіметтің мәліметі бойынша IT-сектор­дың өсуі, деректер орталықтарын құру және жасанды интеллектіні енгізу тұрақты базалық жүктемені қажет етеді, ал оны тек жаңар­тылатын энергия көздері қамтамасыз ете алмайды. Демек, көмір цифрлық дәуірдің де сенімді серігі бола алады. Ұлт­тық жобада 7,8 ГВт қуат көзін енгізу және жаңарту қарастырылған. 8 жаңа энергия көзін салу жоспарланған, арасында Екібастұз (2 640 МВт), Курчатов (700 МВт), Жез­қаз­ғандағы (500 МВт) ірі нысандар, Көк­ше­тау, Семей, Өскемендегі заманауи ЖЭО бар. Сондай-ақ Ақсу ГРЭС, Екібастұз ГРЭС-2, Қарағанды энергия торабын қосқанда, қолданыстағы 11 стансаны терең жаңғырту басталады. Бұл жұмыс саладағы негізгі жабдықтардың тозу деңгейін 2030 жылға дейін 12,6%-ға төмендетуге тиіс. Инвестициялардың жалпы көлемі – 7,5 трлн теңгеден астам.

«Енді жаңадан салынатын құрылыстарда тек қана заманауи технологиялық шешімдер қолданылады. Бұл тиімділікті стандартты көрсеткіштен жоғары етеді және қалдық­тардың үлесін айтарлықтай азайтады. Мұн­дай жобалар жоғары технологиялық электр сүзгілерін орнатуды, азот тотықтарын каталитизаторлық жолмен қалпына келтіру жүйелерін қолдануды және газдарды дым­қыл жолмен күкірттен арылтуды көздейді», – деп түсіндірді Үкімет.

Бұл іс-шаралар халықаралық стандарт­тарға және «ең үздік қолжетімді техноло­гияларды» (ҚДТ) қолдану талаптарына сәйкес қалдықтар концентрациясын тө­м­ен­детуге мүмкіндік береді. Жаңа қуат­тарды тиімді енгізу үшін көмір өндіру және те­мір­жол инфрақұрылымын дамыту жоспар­ларын үйлестіру қажет. Министрлік көмір өндірісін ұлғайту және теміржол желісіндегі өткізу қабілеті шектеулі учаскелерді, «тар тұстарды» жою мәсе­лелерін пысықтады.

Ұлттық жобаның әлеуметтік блогы кадрлық өткір проблемаларды шешуге бағытталған. 4,5 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашу қарастырылған, ауқымды әлеуметтік қолдау іске қосылмақ. «Отбасы банкімен» бірлесіп көмір электр станса­лары­ның қызметкерлері үшін бөлек, жең­іл­дікті ипотека енгізіледі. Мұның сырты­нда салалық ЖОО-лар базасында ма­ман­дардың біліктілігін жүйелі арттыру жоспарланған.

– Ұлттық жоба саладағы барлық бағытты кешенді әрі жан-жақты дамытуға бағыттал­ған. Бұл инвестиция тартудан бастап, отын-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және кадрлық әлеуетті күшейтуге дейінгі теңдестірілген тәсіл. Мұндай жүйелі әдіс экономиканың мультипликативтік әсерін қамтамасыз етіп, елдің тұрақты дамуына үлес қосады, – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Жоба көмір өндіру және оны таситын теміржол және автокөлік салаларымен үйлестірілген. Ол үшін ұлттық жоба ашық вагондар паркін кеңейтуді (тәулігіне қо­с­ым­ша 600 бірлік), теміржол инфрақұры­лымын жаңғыртуды және ішкі қажет­тіліктер үшін отын тасымалдаудың бол­жамды тарифтік дәліздерін енгізуді көздейді.

Қазіргі болжам бойынша, 2032 жылға қарай жаңа стансаларға жыл сайын 19 млн тоннадан аса қосымша көмір қажет болады, оны өндіріс қуатын арттыру арқылы өтеу көзделген. Осыған орай отандық көмір өндірушілер Үкіметке өндірістік қуатын ұлғайту жоспарларын ұсынды. Мысалы, «Богатырь Көмір» ЖШС өндіріс көлемін биылғы 45,2 млн тоннадан 2032 жылы 56,5 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Компания 2032 жылға дейін ЦТТ (циклді-толассыз технология) нысандарын салуға, техника алуға және өндірісті жаңғыртуға 360 млрд теңге бағыттайды.  

«Шұбаркөл Көмір» АҚ та 2026 жылы көмір өндіру көлемін 16,1 млн тоннаға дейін арттыруға дайын екенін мәлімдеді. 2026-2032 жылдары 95,5 млрд теңгеге техникалық қайта жарақтанып, цифрлық технологияларды енгізуге ниетті. Жоспарда ЦТАК-2 (циклді-толассыз аршу кешені) құрылысының екінші кезеңін іске асыру, 49,4 млрд теңгеге жабдықтар паркін жаңарту, сондай-ақ Hovermap жүйесін және робот­тандырылған автоаударғыштарды енгізу қарастырылған. 

Жалпы, ұлттық жобаны жүзеге асыру Қаз­ақстанға энергетикалық егемендігін ны­ғайтып, ел аумағында қазандық агре­гаттарын, трансформаторлар мен авто­маттандыру жүйелерін өндіруді ынталан­дыруға, отандық машина жасау саласында мультипликативтік әсер тудыруға жол ашпақ. 

Бір қарағанда «Таза көмір» – қайшылық­ты ұғым сияқты көрінгенімен, қазіргі кез­еңнің ымыралы формуласы. Энерге­тикалық қауіпсіздік пен экологиялық жауап­кершілік бір-бірін жоққа шығармай, өзара келісімге келуге мәжбүр. Көмір генерациясы техно­логиялық, экономикалық әрі әлеуметтік жүйенің өзегіне айналмақ. Бұл жолдың қаншалықты сәтті болары уақыттың еншісінде. Бірақ бір нәрсе даусыз: көмірдің тағдыры – елдің энергетикалық тәуелсіз­дігімен тікелей сабақтас.

Айхан ШӘРІП