Биылғы көктемгі дала жұмыстарына қаржыландыру бағдарламасын іске асыру жалғасуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыз.
Бүгінде 556 млрд теңге көлемінде, құрамында 3 963 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бар, арнайы топ қалыптастырылды. Соның ішінде 334 млрд теңгеге 3 287 өтінім қаржыландырылып, 4 млн гектардан астам егіс алқабы қамтылды.
Сонымен қатар «Даму» қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру тетігі жүзеге асырылуда. Бұл несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 148 млрд теңге сомасына 753 кепілдік берілген.
Қаржыландырудың ерте басталуы диқандарға 2026 жылғы егіс науқанына алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Алынған қаражат тиімді бағамен жанар-жағармай алуға, минералды тыңайтқыштар сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға жұмсалуда.
Жеңілдетілген қаржыландыру көктемгі дала жұмыстарын дайындау мен өткізуге ғана емес, сондай-ақ өнім жинау науқанына және маусымдық шығындарды өтеуге де қолжетімді. Қаражат еліміз бойынша Аграрлық несие корпорациясының бөлімшелері мен серіктес қаржы ұйымдары арқылы беріледі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.