Биыл елімізде республикалық маңызы бар тасжолдардағы су тасқыны қаупі бар өңірлер саны біршама азайған. Мысалы былтыр қауіп деңгейі жоғары 284 учаске болса, биыл мұндай учаскелер саны 184 учаскені құрап отыр. ТЖМ мәліметінше, бүгінде еліміздегі жалпы автомобиль жолдарының 25 мың шақырымы тәулік бойы бақылауда, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Биыл тасжолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 988 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, 1 500-ге жуық көпірде тазарту жұмыстары жүргізіліп, 15 мыңнан астам су өткізгіш құбыр тексерістен өткен.
Су тасқынына қатысты жағдай жыл сайын өзгеріп отыратыны белгілі. Сәйкесінше, тасқын қауіпі бұрын-соңды қауіп анықталмаған учаскелерде де пайда болуы мүмкін. «ҚазАвтоЖол» ҰК» басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, бұл мәселе өз кезегінде барлық жерлерді тұрақты түрде бақылауда ұстауды қажет етеді.
«Су тасқынынының алдын алу кезеңіне дайындық барысында барлық учаскелер толық тазартылды. Бүгінде қарғын суды ағызу үшін 974 құбыр пайдаланылып отыр. Су тасқынына қарсы шараларға 988 техника жұмылдырылып, арнайы кезекші бригадалар құрылды», – деді Иманашев.
Сондай-ақ ол жолдардың жағдайы тәулік бойғы бақылауда екенін де атап өтті. Жол учаскелерін бақылайтын арнайы бригадалар қандай да бір қиындық туындаған жағдайда, оқиға орынына барып, жедел шаралар қабылдауға сақадай сай.
Тасқын қаупі жоғары өңірлерде бақылау күшейтілді
Ақмола облысында өзендер мен каналдардағы су деңгейі тұрақты бақылауда. Сондай-ақ бөгеттер мен су бұру жүйелері де тексеріліп жатыр. Көкшетау-Атбасар тасжолының кейбір учаскелерінде тасқын су көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін қосымша бекіту жұмыстары жүргізілуде. Астана-Қорғалжын трассасы да ерекше бақылауға алынды. Мұнда көпірлер, су бұоу жүйелері және тасқын қаупі бар аумақтарға тексеріс жүргізілді. Су жүргізетін құбырлар тазартылып, бөгеттер жасалды.
Су тасқыны қаупі жоғары өңір саналатын Батыс Қазақстан облысында да тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Су басу қаупі жоғары учаскелер ерекше бақылауға алынды.
Қарағанды облысындағы республикалық маңызы бар автожолдар да тәулік бойы бақылауда. Қауіпті жол учаскелері назарға алынып, қауіпсіздік шараларына қажетті материалдар қоры дайындалған. Тасқын болған жағдайда ескерту белгілері орнатылып, үйінділер тұрғызылып, құм толтырылған қаптар қойылады. Көпірлер мен су бұру жүйелері де назарда.
Су тасқынынан зақымданған ақылы жолдар тегін болады
Сонымен қатар су тасқынынан зардап шегіп, қозғалысқа жарамсыз деп танылған ақылы жолдар төлем жүйесінен уақытша алынып тасталады.
Автожол ақысын алу мәселесі арнайы комиссияның жол жағдайына берген бағасы бойынша анықталады.
«Егер су тасқыны салдарынан жолдың көлік жүретін бөлігі зақымданып, нормативтік талаптарға сай келмесе, мұндай учаске жабылып, ақылы жүйеден шығарылады», – деп түсіндірді Иманашев.
Су басу қаупі төнген жағдайда мұндай жол учаскелерінде қозғалыс толықтай шектеледі және оның салдары жойылғанға дейін жабық болады. Тасжол қалпына келтірілгеннен кейін ғана жол жүру қайтадан ақылы болады.
ҚазАвтожол өкілдерінің айтуынша, егер жол жабылса, онда тасжолда жүру мүмкін емес, сәйкесінше төлем алу мәселесі де туындамайды.
Жолдарды тексеруге қатысты бастаманы «ҚазАвтоЖол» ұсынғанымен, түпкілікті шешімді сала мамандары және сапа жөніндегі ғылыми орталықтардың қатысуымен құрылған комиссия қабылдайды.