Aikyn.kz Алатау қаласында салынатын екі мұнаралы ғимараттың ерекшеліктерімен аустралиялық newatlas.com сайтына сілтеме жасап таныстырады.
Жоба Alatau Iconic Complex and Gateway District деп аталады. Оны Skidmore, Owings & Merrill (SOM) сәулет бюросы әзірлеген. Ол – АҚШ-тағы ең биік және әлемдегі ең биік мұнараларды жобалаған танымал компания. Ерекше жобаланған 2 мұнара еліміздің жаңа Алатау қаласында орналасады және қаланың экономикалық әрі әкімшілік орталығы болмақ. Кешеннің жүрегінде бір-біріне ұқсас, бірақ ассиметриялы сына тәрізді екі мұнара салынады. Олардың пішіні Іле Алатауы маңындағы аңғарлар мен мұздықтардың бедерінен шабыт алған.
Аймақ сейсмикалық белсенділігі жоғары болғандықтан, мұнаралардың құрылымдық беріктігін қамтамасыз ету үшін қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Қазіргі кезеңде инженерлер екі шешімнің бірін таңдауды талқылап жатыр. Бірінші, жапондық сейсмикалық демпферлеу жүйесі (көлік амортизаторы сияқты жұмыс істейтін тәсіл). Екінші, америкалық тәсіл – кез келген ауа райында төзімді болу үшін жоғары берікті болат қаңқа қолдану.
Кешеннің табанында үш деңгейлі, жасыл желекпен көмкерілген мінбер салынып, онда сауда нүктелері, мәдени орталықтар және іс-шара алаңдары орналасады. Қазір құрылыс алаңында дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр, ал толық көлемдегі жер қазу жұмыстары мамырда басталады. Екі мұнараны да 2029 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған.