Associated Press хабарламасына сүйенген Aikyn.kz жеке тұлғаға табынудың «америкалық үлгісін» түсіндіреді.
Флорида губернаторы Рон Десантис Палм-Бич халықаралық әуежайын президент Дональд Дж. Трамп атындағы халықаралық әуежай деп атауға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Атауды өзгерту шілдеде күшіне енеді. Осылайша, Мар-а-Лагодағы Трамптың жеке резиденциясына жақын орналасқан әуежайдың атауы ресми түрде өзгертіледі.
Сол күні кешке жақын Дональд Трамп әлеуметтік желілерде видео жариялады. Онда болашақ президенттік кітапхананың цифрлық эскиздері көрсетілді. Видеода Майамидің көкжиегінен асқақтай көтерілген мұнара көрсетілген, оның сыртында «Trump» деген жазу бар.
Видеода мұнараның сыртқы және ішкі көріністері панорама түрінде берілген. Вестибюльде президенттік ұшақ тұр, жанында Трамп 2015 жылы президенттік науқанын бастағанда түскен, алтын эскалаторға ұқсас эскалатор қойылған. Басқа кадрларда Ақ үйде салынатын алып банкет залы, Сопақша кабинеттің көшірмесі, шатырдағы бақтар және Трамптың үлкен алтын мүсіні көрсетіледі. Жобаны Майамидегі Bermello Ajamil компаниясы әзірлегені жазылған. Трамп видеоны еш түсіндірмесіз жариялаған, тек кітапхананың жаңа сайтына сілтеме береді. Сайтта «жақында қолжетімді болады» деген жазу және қайырымдылық жасауға арналған сілтеме бар.
Бұған дейін Дональд Трамптың ұлы Эрик кітапхана «қазірге дейін салынған ең әсем ғимараттардың бірі болады» және «Майами көкжиегіндегі символға айналады» деп мәлімдеген.
Бір қызығы, Ақ үйге қайта оралғаннан бері Трамп АҚШ-тағы түрлі мекемелерге өз есімін беруді күшейтті. АҚШ Бейбітшілік институтынан және Кеннеди атындағы өнер орталығына өзінің есімін берді, енді 100 долларлық банкноттарға қолтаңбасын орналастырмақ. Палм-Бичте әуежайдан Трамптың резиденциясына апаратын жолдың бір бөлігі жақында Дональд Дж. Трамп бульвары деп қайта аталды.