ҚМА Абай облысы бойынша департаменті облыс прокуратурасының үйлестіруімен және Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, заңсыз алкоголь өнімдерін өндіретін жасырын цехтың қызметін тоқтатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Орынжайлар мен гараждарда спиртті сумен араластыру арқылы алкоголь дайындалып, кейін танымал брендтердің атауымен шыны бөтелкелерге құйылған.
Өнімге заңды сипат беру үшін алдын ала қолдан жасалған есепке алу-бақылау маркалары пайдаланылған.
Тінту барысында заңсыз айналымнан Finsky Ice және «Сибирские морозы» атауларымен 12 мыңнан астам бөтелке алкоголь, 8 мыңнан аса бос бөтелке, 10 мың литрден астам спирт құрамды сұйықтық, жалған маркалар, сондай-ақ өндіру және буып-түю жабдықтары тәркіленді.
Соттың санкциясымен цех орналасқан жекеменшік үйге, сондай-ақ өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды.
Ұйымдастырушыға қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Тергеу жалғасуда. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Қаржылық мониторинг агенттігі ескертеді: мұндай өнімдерді тұтыну азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді, улануға, ішкі ағзалардың, соның ішінде бауыр мен бүйректің зақымдануына, сондай-ақ өлімге әкелуі мүмкін.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.