«Заң мен тәртіп» қағидаты: 2025-2030 жылдары тұжырымдаманы іске асыру жолдары қаралды

Талқылаудың негізгі бағыттары ретінде 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру мәселелері айқындалды

Құқық қорғау органдарының ведомстволық білім беру сапасын арттыру жылы аясында 2026 жылғы 31 наурызда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының базасында «Қоғамда заң және тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру: басымдықтар, инновациялар, шешімдер» тақырыбында халықаралық ғылыми семинар өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Семинарға Ресей Федерациясы Прокуратура университетінің, Саратов мемлекеттік заң академиясының, Өзбекстан Республикасы Құқық қорғау академиясының өкілдері, Қазақстан прокуратура органдарының өңірлік бөлімшелері, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті академияларының өкілдері, сондай-ақ Академияның профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қызметкерлері мен білім алушылары қатысты.

Талқылаудың негізгі бағыттары ретінде 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру мәселелері айқындалды:

- мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру;

- қылмыс жағдайын талдау;

- құқық үстемдігін қамтамасыз ету;

 - цифрлық шешімдерді дамыту;

 - құқықбұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіз орта қалыптастыру.

«Заң мен тәртіп» қағидаты құқықтық мемлекеттің негізі және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты ретінде айқындалды. Оны іске асыру заң алдында баршаның теңдігін, жазаның бұлтартпастығын, құқықтық мәдениетті дамытуды, құқық қолдану практикасын жетілдіруді, цифрлық технологияларды енгізуді, сондай-ақ қоғамның құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арттыруды көздейді.

Заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету мемлекет пен қоғам күш-жігерінің шоғырландырылуын, сондай-ақ жүйелі ведомствоаралық өзара іс-қимылды қалыптастыруды талап етеді.

Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров «Заң мен тәртіп» қағидатының тұрақты әрі қауіпсіз қоғам қалыптастырудағы, құқықтық мемлекетті нығайтудағы және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызын атап өтті. Азаматтардың құқықтық санасын арттыру және құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша аталған саладағы күш-жігерді одан әрі шоғырландырудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті, тұрақтылықты және қоғамдағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.