Ішкі істер органдарында жыл сайын жемқорлық көрсеткіші төмендеп келе жатыр – Абзал Құспан

Қазір ішкі істер органдарына басшылық жасайтын органдар көбейіп кетті. Оларға Антикор да басшы, прокурордың көмекшісінен бастап барлық деңгейдегі прокурорлар басшы.

Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан еліміздегі ішкі істер органдарының жұмысына реформа қажет екенін айтты. Депутаттың пікірінше, жауапсыз қызметкерлерден арылу, негізсіз сыннан қорғау және басқару жүйесін реттеу сияқты шараларды қолға алу өте маңызды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бұл мәселе жөнінде Абзал Құспан Abay Live YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.

«Ішкі істер органдарындағы өз қызметіне, өз саласына жауапсыз қарайтын қызметкерлерден сөзсіз арылу керек. Сондай-ақ кейінгі кезде қоғам мен жекелеген тұлғалар тарапынан айтылып жатқан негізсіз сындардан да арашалауымыз қажет. Заңды да соған сәйкестендіруіміз керек. Қазір ішкі істер органдарына басшылық жасайтын органдар көбейіп кетті. Оларға Антикор да басшы, прокурордың көмекшісінен бастап барлық деңгейдегі прокурорлар басшы. Өздерінің басшылығы бар. Сот саласы да, әкімшілік те ішкі істер органдарына қатысты белгілі бір басшылық функцияны жүзеге асырады. Біз осыған қатысты кейбір шараларды қабылдауымыз керек деп есептеймін. Өйткені бүкіл құқық қорғау органдарының ішінде ішкі істер органдары – мемлекеттің, қоғамның қауіпсіздігіне жауап беретін бірден бір орган. Басқа бірде-бір құқық қорғау органы мұндай деңгейде жұмыс істемейді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті – бүкіл әлемде жабық жағдайда жұмыс істейтін арнайы орган. Басқа құқық қорғау органдарының ішінде 24/7 жұмыс істейтін бірден-бір орган – ішкі істер органдары.

Бір оқиғаға бола бүкіл ішкі істер министрлігінің басшылығы кінәлі, бәріне ауыстыру керек дегенге келіспеймін. Кейінгі кездері министр Сәденовтің атқарып жатқан жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Әрине, ол әлі қоғамға дұрыс көрінбеуі мүмкін. Біз ішкі істер саласының ішкі асханасын білетін адам ретінде бәрін көріп отырмыз. Салыстырмалы түрде ішкі істер органдарында жыл сайын жемқорлық көрсеткіші төмендеп келе жатыр. Керісінше Өзіндік қауіпсіздік басқармасы ішкі істер органдарындағы жемқорлық қылмысын көптеп ашуда. Яғни Антикор, Прокуратура, ҰҚК тарапынан осындай қылмыстарды анықтау деңгейі азайып, Өзіндік қауіпсіздік басқармасы өз ішіндегі қылмыстарды ашып жатыр», – деп нақтылады депутат.