Ақмола облысында 24 жыл бойы жасырынған қатыгез қылмыскерге үкім шықты

Араға ширек ғасырға жуық уақыт өткеннен соң Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 61 жастағы ер адамға қатысты іс қаралды.

Ақмола облысында адам шошырлық қылмыс арада 24 жыл өткен соң ғана ашылып, кінәлі адам сот алдында жауап берді, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Араға ширек ғасырға жуық уақыт өткеннен соң Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 61 жастағы ер адамға қатысты іс қаралды. Ол 2002 жылы Ақкөл қаласында 29 жастағы әйелді аса қатыгездікпен зорлап, кейін өлтірген болып шықты.

Сот материалдарына сәйкес, сол түні 37 жастағы И. көшеде көлік тоқтатып, үйіне жетуге тырысқан әйелді кездестіреді. Күдікті күш қолданып, оны қорқытып, жергілікті стадион аумағына алып барған. Сол жерде ол әйелді зорлап, кейін қылмысын жасыру мақсатында аса қатыгездікпен өлтіріп тынады.

Сараптама қорытындысы бойынша, жәбірленуші тұншықтыру салдарынан көз жұмғаны анықталған. Қылмыстан кейін ер адам мәйітті даладағы әжетханаға жасырып, өзі бірден ізін суытқан.

Қылмыстық іс арада 24 жыл өткен соң тергеушілердің тың деректерімен толығып, ауыр қылмыстық іс ақыры әшкере болды. Тергеу барысында куәгерлердің айғақтары, фотосурет арқылы тану, оқиға орнын қарау хаттамалары мен сараптамалық қорытындылар негізгі дәлел ретінде алынған.

Сот сондай-ақ айыпталушының бұрын бірнеше рет сотталғанын және ауыр қылмыстар жасағанын ескерді.

Сот үкімімен ер адам 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, жәбірленуші тараптың пайдасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарылды.

Бұдан бөлек, сотталушыға жазасын өтеу кезінде алкогольге тәуелділікке байланысты психикалық және мінез-құлық бұзылыстарынан мәжбүрлі ем алу тағайындалды.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы