Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық Борис Эйфман балет театрының гастролі аясында «Астана Опера» сахнасында шебердің аңызға айналған «Қызыл Жизель» балетінің жаңартылған нұсқасы және Федор Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романының желісі бойынша қойылған «Күнәнің ар жағында» философиялық спектакльдері ұсынылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Қызыл Жизель» гастрольдік сапардың басты қойылымдарының біріне айналды. Спектакль өмір жолы ұлы дарын мен қатал дәуір қақтығысының символына айналған көрнекті балерина Ольга Спесивцеваға арналған. Революция, эмиграция, жеке күйзелістер мен жан күйреуі балетте адам тұлғасының нәзіктігін көрсететін драмалық тарих ретінде ашылады. Жаңа нұсқада Борис Эйфман спектакльдің хореографиялық құрылымы мен көркемдік безендірілуін жаңартқан.
Сондай-ақ Ф.Достоевскийдің шығармасы желісімен «Күнәнің ар жағында» балеті сахналанды. Бұл – Достоевскийдің ұлы романына жасалған өзіндік пластикалық интерпретация. Қойылым сенім мен сенімсіздік, адамгершілік құлдырау, ішкі күрес пен рухани жаңғыру мәселелерін көтереді. Би арқылы хореограф көрерменге адам табиғатының екіжақтылығы мен жақсылық пен жамандықтың мәңгілік тартысы туралы ой салады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.