Бұл мәселелер Оқу-ағарту министрлігінің аппараттық жиынында қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Адал азамат» бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Оқу жылының ІІІ тоқсанында оқушылар рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған интеллектуалдық ойындарға, мамандықтар марафонына, дебаттар мен стартап байқауларына белсенді қатысты. Сонымен қатар «Шын жүректен кітап сыйла» және «Ананың аялы алақаны» секілді челлендждер мектеп қабырғасындағы тәрбие мазмұнын байытып, ата-аналардың оқу процесіне қатысуын арттыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізді.
Тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында білім беру ұйымдарына «Адал азамат» бағдарламасының бірыңғай брендбугы енгізілуде. Мектептердің ішкі кеңістігін брендбук талаптарына сай безендіру жұмыстары қазіргі таңда Астана қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда облыстарындағы мектептерде толық орындалды. Алдағы уақытта да мектептерді безендіру жұмыстары еліміздің барлық өңірлерінде жалғасады.
Жиынның келесі маңызды бөлігі ІІІ тоқсандағы білім сапасының көрсеткіштеріне арналды. Бұл кезеңде оң динамика байқалады. Талдау нәтижелері оқушылардың білім сапасы өткен оқу жылының осы кезеңімен салыстырғанда біршама өскенін көрсетіп отыр. Бұл деректер білім беру жүйесіндегі реформалардың оң нәтиже бере бастағанын айғақтайды. Өңірлік бөліністе Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Павлодар облыстары жоғары білім көрсеткіштерін көрсетті.
Жиын қорытындысы бойынша, министр жауапты құрылым басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.