Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Жақсылық Омар 6 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бүгін ғана Өскемен қаласының №2 сотында аталған іс бойынша қорытынды сот отырысы өтті. Шенеунікке алаяқтық пен пара алу бабы бойынша айып тағылған.
Сот үкіміне сәйкес, Жақсылық Омар кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Сонымен қатар ол өмір бойына мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды. Сот шешімімен оның Toyota маркалы автокөлігі де тәркіленді.
Қылмыстық іс жеделдетілген тәртіппен қаралған.