«Таза Қазақстан»: Ұлытауда 8 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

Экологиялық акция «Таза Қазақстан» өңір тұрғындарын біріктіріп, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға үлес қосуда.

Ұлытау облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жаңа кезеңіне бастау беретін ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Акция аясында «Таза өлке – таза жер» бастамасы жүзеге асырылып, оның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру және тұрғындарды абаттандыру жұмыстарына кеңінен тарту,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Іс-шара барысында Жезқазған қаласының жастары мен эко-волонтерлері қала көшелерін тазарту жұмыстарына белсенді қатысты.

Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жүйелі түрде жүргізілуде. 2029 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарына сәйкес, өңірде 43 іс-шара қарастырылған. 2025 жылға жоспарланған 34 іс-шараның 32-сі орындалып, 2-уі өтпелі ретінде жалғасуда. Оның ішінде халық көп жиналатын орындарда экобокстар мен фандоматтар орнату, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Парыз» конкурсын «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында өткізу көзделген.

2025 жылы өңірде 13 облыстық және 17 қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Таза бейсенбі» акциясы тұрақты түрде өткізілуде. Жалпы, абаттандыру жұмыстарына 87 мыңға жуық адам қатысып, 1 423 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 8 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 27 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды.

Бұдан бөлек, өңірде «Таза жағалау», «Таза аймақ», «Мөлдір бұлақ», «Туған жер – алтын бесігім», «Жер сағаты», «Таза қала», «Үлгілі ауыл» секілді экологиялық бастамалар іске асырылып,  ProEko  экологиялық жобалар байқауы мен «Табиғатты аяла» атты жас өлкетанушылар, экологтер және натуралистер форумы өткізілді.

2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, 34 іс-шара қарастырылған, оның ішінде бүгінге дейін 3 іс-шара жүзеге асырылды. Барлық жұмыстардың орындалуы ай сайынғы мониторинг арқылы бақылауда. Бұл олардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуын қамтамасыз етеді.

Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауға деген жеке жауапкершілікті арттыру.

Экологиялық акция «Таза Қазақстан» өңір тұрғындарын біріктіріп, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға үлес қосуда.