Жамбыл облысында солдаттың қазасынан кейін Гвардейск гарнизонының роталық командиріне қатысты тергеу аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Басты әскери прокуратураның хабарлауынша, офицерге қызметтегі немқұрайдылыққа қатысты айып тағылған. Тергеу мәліметтері бойынша, бұл немқұрайдылық 27 қаңтарда әскери қызметкердің өліміне әкелген себептердің бірі болған.
Тергеу анықтағандай, командир қызмет процесін және қаруды қолдануды бақыламаған, сондай-ақ қайтыс болған әскери қызметкердің әріптестеріне қатысты өз өкілеттігін асыра пайдаланған.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Сонымен қатар солдаттың өліміне қатысты басқа да мән-жайларды тексеру жалғасуда және прокуратураның ерекше бақылауында.
Естеріңізге сала кетейік, трагедия 27 қаңтарда Жамбыл облысында болған. Солдат снайперлік винтовкадан өзіне оқ атқаннан кейін қайтыс болған.