Жетісу облысы Полиция департаментінің қызметкерлері облыс прокуратурасының үйлестіруімен Талдықорған қаласында әрекет еткен екі наркозертхананың қызметін тоқтатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
"Жедел-іздестіру шаралары барысында бір қылмыстық схема бойынша әрекет еткен 31 және 21 жастағы екі шетел азаматы ұсталды. Тергеу барысында олардың синтетикалық есірткі өндірумен айналысқаны анықталды. Тінту кезінде зертханалық құрал-жабдықтар, химиялық реагенттер және 1,3 келіден астам мефедрон тәркіленді", – деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
Қылмыстың барлық мән-жайын анықтау, соның ішінде ұйымдастырушы мен басқа да қатысушыларды анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция есірткі құралдарының заңсыз айналымы міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Мұндай қылмыстардың жолын кесу – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен азаматтардың болашағын қорғауға қосылған маңызды үлес.