Кейінгі жылдары осы түсінік өзгеріп жатыр. Мұнайды тек сатып қана қоймай, одан өнім шығарып, өзімізде өңдеу – енді басты бағытқа айналып келеді. Осы мақсатта салаға арнайы заң да әзірленіп жатыр.
Астанада өткен Kazneftegazservice-2026 жиынында айтылған бір жаңалық осы өзгерістер жайында болды. Соның бірі – елімізде дайындалып жатқан мұнай-газ химиясына арналған алғашқы заң. Бұл жай ғана құжат емес. Бұл – саладағы реформаның құқықтық бағытта күш алғанын білдіретін сигнал. Сала сарапшысы Олжас Байділдиновтың айтуынша, мұнай-газ химиясы саласындағы негізгі мәселе – шикізат және оған қолжетімділік.
– Қазір ірі жобаның басым бөлігі ұлттық компаниялардың қолында, яғни «ҚазМұнайГаз» немесе QazaqGaz арқылы жүзеге асып жатыр. Өкінішке қарай, жеке сектор мен жеке капитал үшін бұл жобаларға қатысу өте қиын. Ал, шын мәнінде, жеке компаниялар мұндай жобаларды жылдамырақ, арзан әрі мемлекеттік қаржыға тәуекелсіз іске асыра алады. Жаңа заң жобасына келсек, ол шикізат мәселесін, нақтырақ айтқанда, оның қалай бөлінетінін реттемейді, – дейді маман.
Оның сөзінше, негізі, заңда нақты механизм қарастырылуға тиіс: мысалы, газ өңдеу зауытын QazaqGaz салса, онда мұнай-газ химиясына бағытталатын белгілі бір көлемдегі шикізат болуы керек. Сол көлем бойынша ашық тендер жарияланып, «осындай шарттармен шикізат жеткізуге дайынбыз, кім қандай баға ұсынады?» деген принциппен ұсыныстар қабылдануға тиіс.
– Әрине, ең жоғары баға ұсынып, тиісті банктік кепілдіктерді қамтамасыз еткен компания сол шикізатқа қол жеткізуі керек. Ал қазіргі жағдайда біз ірі жобаның барлығы дерлік ұлттық компаниялардың қатысуымен ғана жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Мен ұлттық компанияны бірнеше рет сынға алғанмын. Өйткені олардың жобалары, әдетте ұзаққа созылады, қымбатқа түседі және тиімділігі төмен. Өкінішке қарай, бұл үрдіс әлі де сақталып отыр. Мысалы, Атыраудағы полипропилен өндіретін KPI жобасын алайық. Қазір ол шамамен өз қуатының жартысымен ғана жұмыс істеп тұр. Іске қосылғанына біраз уақыт өтсе де, толық қуатқа шыға алмай келеді. Ал бұл жобаға 2,6 миллиард доллар жұмсалған – өте үлкен қаржы. Жалпы, осыған ұқсас жағдай басқа жобаларда да байқалады, – деп сөзін жалғады Олжас мырза.
Заң ішкі нарықты реттеуге бағытталған
Сарапшының пайымдауынша, негізі, мұндай жобаларды жеке бизнес жүзеге асыруы керек. Баға бойынша да, шарттар бойынша да бәсеке болуы қажет. Өкінішке қарай, ондай бәсеке жоқ.
– Мұнай-газ химиясы туралы заңға келсек, ол көбіне ішкі нарықты реттеуге бағытталған. Яғни, өндірілген өнімнің қандай көлемі және қандай шарттармен ішкі нарықта қалуы керек деген мәселені қамтиды. Мысалы, KPI шығаратын полипропиленді тұтынушылар баға саясатына, өнім түрлерінің шектеулі болуына жиі шағымданады. Ал «ҚазМұнайГаз» бұл жобада стратегиялық серіктестер бар екенін, өнімді өткізу мен маркетинг солардың құзырында екенін айтады. Сондықтан мұнда да сұрақ көп, – деді маман.
Ең бір өкініштісі, сарапшының айтуынша, біз мұнай-газ химиясы саласында уақытты өткізіп алғанымыз.
– Осы аралықта Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан сияқты елдерде ірі өндіріс пайда болды. Қытайда, әсіресе бізбен шекаралас өңірлерде, 2000-жылдардан бері шамамен 20 зауыт салынды және бұл ел өндірісті әлі де ұлғайтып жатыр. Олар болашақта Қазақстанда іске қосылуы жоспарланған полиэтилен зауытына да бәсекелес бола алады, – деген пайымын ортаға салды сарапшы.
Оның сөзінше, тағы бір маңызды мәселе – әлем біртіндеп пластиктен бас тартып, экологиялық баламаларға көшіп жатыр. Ал біз дәл қазір ғана мұнай-газ химиясы жобаларын қолға алып отырмыз. Бұл да белгілі бір тәуекел.
– Дегенмен бұл жобалар қажет. Заң жобасы жалпы алғанда, саланың дамуына негіз қалыптастырады. Бірақ шикізатқа қолжетімділік, оны бөлу тетігі, талдау мәселелері сияқты маңызды сұрақтарға әзірге толық жауап бермейді. Бұдан бөлек, заңда тауар биржаларына қатысты нормалар да қарастырылмаған. Біз жұмыс тобы аясында зауыттар өз өнімдерін Қазақстандағы биржалар арқылы сатуы керек деген ұсыныс айтқанбыз. Сол арқылы мәмілелер ұлттық заңнама негізінде отандық немесе шетелдік компаниялармен жасалуға тиіс еді. Алайда бұл механизм де енгізілмеген. Сондықтан бұл заң – негіз боларлық, яғни қажет құжат. Өйткені кез келген инвестор, ең алдымен, саланы қандай заң реттейтінін қарайды. Бірақ қазіргі нұсқасында ол барлық мәселені толық шешеді деп айту қиын, – деп сөзін түйіндеді ол.
Үлкен жобаға үлкен қаражат қажет
Қызығы, заң әлі қабылданбағанымен, саланың өзі қазірдің өзінде едәуір жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп үлгергенін көруге болады. Мәселен, соңғы екі жылда өндіріс 73 пайызға өсіп, 358 мың тоннадан 619 мың тоннаға жеткен. Қағаздағы цифр сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның артында жұмыс істеп тұрған зауыттар, іске қосылған желілер тұр. 2026 жылы өндірісті 600 мың тонна шамасында ұстап тұру жоспары бар. Бұл енді «өсіп жатырмыз» деген кезеңнен «тұрақтанып келеміз» деген кезеңге өткенді білдіреді.
2029 жылға қарай тағы бірнеше ірі жоба жоспарланып отыр. Ақтөбеде карбамид зауыты салынады. Бұл – тыңайтқыш. Яғни, ауыл шаруашылығына тікелей әсер ететін өнім. Ал Атырауда бутадиен өндірісі қолға алынбақ. Бұл – шиналар мен резеңке бұйымдарға қажет маңызды шикізат. Бұрын біз мұнайды саттық, кейін бензин шығардық. Енді одан да терең өңдеуге көшіп жатырмыз. Әр деңгей сайын өнімнің құны өседі. Яғни, сол бір баррель мұнайдан бұрынғыдан әлдеқайда көп табыс табуға мүмкіндік бар.
Осындай үлкен жобалар, әрине, үлкен ақшаны талап етеді. Жалпы есеппен 12 миллиард доллар инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл – жай ғана сан емес. Бұл – Қазақстанға деген сенім.
Инвесторлар ақшасын оңай сала салмайды. Олар ұзақ ойланады. Егер тұрақтылық болмаса, заң түсініксіз болса – ешкім келмейді. Сондықтан жаңа заңның дайындалып жатқаны өте маңызды. Бұл заң, ең алдымен, әділ ойын ережесін қалыптастыруы керек. Мысалы, зауыт салған кәсіпорын шикізатқа оңай қол жеткізе ала ма? Бағасы қандай болады? Инфрақұрылым бар ма? Осындай сұрақтардың бәріне нақты жауап болуға тиіс.
Тағы бір маңызды мәселе – Атыраудағы арнайы экономикалық аймақ. Бұл жерде кәсіпорындарға салық жеңілдіктері беріледі. Яғни, бизнеске қолайлы жағдай жасалып жатыр. Оның үстіне аймақ Теңіз кен орнына жақын. Шикізат та, логистика да ыңғайлы. Жалпы, мұнай-газ химиясы – Қазақстан үшін жай ғана жаңа өндіріс емес. Бұл – ойлау жүйесінің өзгеруі. Бұрын «мұнай бар – сатамыз» деген түсінік болды. Енді «мұнай бар – одан өнім жасаймыз» деген көзқарас қалыптасып келеді.
Әрине, бәрі бір күнде өзгеріп кетпейді. Үлкен зауыттар – үлкен тәуекел. Кейде кешігеді, кейде қымбаттайды. Кадр жетіспеуі мүмкін. Технология жағынан сыртқа тәуелділік бар. Мұның бәрі – шынайы қиындықтар. Бірақ соған қарамастан бағыт дұрыс сияқты. Өйткені әлемде шикізатқа ғана сүйеніп отырған елдер ұзаққа бармайды. Ал өңдеу, өндіріс, технология – тұрақты дамудың негізі.
«Сабақты ине сәтімен»
Ең қызығы, бұл өзгерісті қарапайым адам бірден байқамауы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе оның әсері сезіледі. Жаңа жұмыс орындары, жаңа кәсіпорындар, жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан мұнайын бұрынғыдай тек сатып қана қоймай, одан табыс табудың жаңа жолдарын іздеп жатыр. Ал мұнай-газ химиясы – сол жолдың ең маңыздысы.
Әлемдік нарықтағы жағдай да Қазақстанның бұл бағытты неге жеделдетіп жатқанын түсіндіре түседі. Кейінгі күндері халықаралық сарапшылар мұнай бағасының күрт өсуі мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. Мәселен, JP Morgan сарапшылары Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімдер ұзақ уақытқа бұзылса, мұнай бағасы 120-130 доллардан асып, тіпті 150 долларға дейін жетуі мүмкін екенін ескертті. Бұл – тек бағаның өсуі емес, тұтас экономикаларға әсер ететін тәуекел.
Мұндай жағдайда мұнай экспорттаушы елдер қысқа мерзімде ұтады. Баға өссе, бюджетке түсетін табыс көбейеді. Бірақ бұл – уақытша мүмкіндік. Себебі бағаның ұзақ уақыт жоғары болуы әлемдік экономикаға қысым жасап, сұраныстың төмендеуіне, тіпті рецессия қаупіне әкелуі мүмкін. Сондықтан бүгінгі жоғары бағаға сеніп отыру тұрақты стратегия емес.
Осы тұста Қазақстанның мұнай-газ химиясына бет бұруы кездейсоқ шешім емес екені анық көрінеді. Шикізатты қымбат кезде сатып пайда табу – бір жол. Ал сол шикізаттан өнім шығарып, оны тұрақты түрде экспорттау – әлдеқайда сенімді бағыт. Яғни, әлемдік нарықтағы құбылмалы бағаға тәуелді болмай, өз өндірісің арқылы табыс табу.
Кәмила ДҮЙСЕН