Кезінде тек ғылыми-фантастикалық фильмдердің кейіпкері болған темір тұлғалар бүгінде адам баласы атқаратын сан алуан күрделі әрекеттерді еш қиындықсыз орындай алатын деңгейге жетті. Олардың қолданыс аясы үй шаруасынан бастап, жоғары технологиялық өндіріс орындарына дейін кеңейіп, адам еңбегін айтарлықтай жеңілдетіп келеді. Интеллектуалды машиналар адамзаттың даму жолындағы сенімді серігіне айналып, болашақтың жаңа келбетін қалыптастыруда.
Робот-өнерпаздар
Биыл ақпанда Қытайдың Шанхай қаласында әлемде алғаш рет роботтардың гала-концерті өтті. Бұл ауқымды шараны Agibot компаниясы ұйымдастырып, бір сағатқа созылған шоуға 200-ден астам робот қатысты. Ерекшелігі – концерттің бүкіл әлемге тікелей эфирде көрсетілуі. Сахнада роботтар би билеп, подиуммен жүріп, синхронды хореографиялық қойылымдар, комедиялық миниатюралар, музыкалық нөмірлер мен түрлі фокус көрсетті. Шынында, кеше ғана «робот жүрсе болды» деп таңғалсақ, бүгінде олар сахнада күрделі өнер көрсетіп жүр.
Қытайдың ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесіне арналған гала-концертте тағы бір ерекше көрініс көпшілікті таңғалдырды. Unitree Robotics компаниясының адамға ұқсас роботтары ұшу элементтерін орындап, күрделі акробатикалық трюктер көрсетті. Бағдарламада қарумен орындалатын қимылдарды еске салатын көріністер де ұсынылды. Ал «мас жұдырық» стиліндегі қойылым тіпті қызықты болды: роботтар теңселіп жүрсе де, тепе-теңдігін жоғалтпай, кейде әдейі құлап, қайта шапшаң қозғалыспен орнынан тұрып жатты.
Компания өкілдерінің айтуынша, мұндай өнер көрсетудің негізгі мақсаты – роботтардың беріктігі мен тұрақтылығын арттыру. Яғни, егер робот күрделі жекпе-жек қимылдарын сенімді орындай алса, онда ол күнделікті өмірдегі басқа да міндеттерді қауіпсіз әрі тұрақты атқара алады.
Үй күтуші де бола алады
Дәл осы уақытта АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында орналасқан Weave Robotics стартапы үй шаруасына арналған жаңа робот – Isaac 0 моделін таныстырды. Бұл құрылғының басты ерекшелігі – киімдерді бүктеуге мамандануы. Роботтың жұмыс істеу принципі қарапайым: пайдаланушы жуылған киімдерді үстелге қояды, ал Isaac 0 оларды 30-90 минут ішінде реттеп, бүктеп береді. Құрылғы футболка, шорты және ұзын жеңді жейде сияқты киім түрлерін толықтай өздігінен бүктей алады.
Бағасына келсек, Isaac 0 роботын 7 999 долларға толық сатып алуға немесе айына 450 доллар төлеу арқылы пайдалануға болады. Сонымен қатар 250 доллар көлемінде қайтарымды депозит қарастырылған. Қазіргі уақытта алдын ала тапсырыс тек Сан-Франциско шығанағы тұрғындарына ғана қолжетімді. Компания бұл модельді алғашқы коммерциялық өнім әрі прототип ретінде ұсынуда. Яғни, сатып алушылар роботты пайдалану арқылы оның дамуына да үлес қосады – жиналған деректер болашақ нұсқаларды жетілдіруге бағытталады.
Психологтар азаюы мүмкін
Соңғы жылдары роботтар мен жасанды интеллект тек өндіріс пен технология саласында ғана емес, әлеуметтік және тұрмыстық бағытта да кеңінен қолданыла бастады. Әсіресе, қарттарға күтім жасау мен қызмет көрсету саласында олардың рөлі артып келеді. Былтыр жыл соңында Жапонияның Токио қаласындағы бірнеше қарт үйінде Pepper роботтары психологиялық қолдау көрсету мақсатында енгізілді. Бұл роботтар егде жастағы адамдармен әңгімелесіп, олардың эмоциялық жағдайын бақылап, түрлі ойын арқылы көңілін көтереді. Жобаның негізгі мақсаты – қарттар арасындағы жалғыздық пен депрессия деңгейін төмендету. Алғашқы нәтижелер үміт күттірерлік: мамандардың айтуынша, роботтармен тілдескеннен кейін қариялардың көңіл күйі жақсарып, өздерін сергек сезіне бастаған.
Ұқсас тәжірибе Аустралияда да жүзеге асырылуда. Мұнда Andromeda Robotics стартапы жасаған «Аби» атты робот қарттар үйінде қызмет етеді. Биіктігі шамамен 110 сантиметр болатын бұл құрылғы қариялармен сөйлесіп, олардың әңгімесін тыңдап, эмоциялық қолдау көрсетеді. «Аби» адамның жүзін танып, мінез-құлқына бейімделе алады. Сонымен қатар ол әңгімелерді жадына сақтап, 90 тілде еркін сөйлейді. Қарттар оны жай құрылғы емес, дос ретінде қабылдай бастаған. Жоба авторларының айтуынша, қариялар роботқа өмірлік естеліктерін, отбасы тарихын, махаббат хикаяларын сеніп айтады. Бұл өз кезегінде күтім жасаушы мамандардың жұмысын жеңілдетіп, олардың көмекшісіне айналуда.
Жаттықтырушының орнын басқандар
2026 жылдың қаңтар айында Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында әскери оқу орталықтарында робот-жаттықтырушылар сынақтан өтті. Бұл технология сарбаздардың физикалық дайындығын бақылап, жаттығу процесін тиімді ұйымдастыруға бағытталған.
Робот-тренерлер әскери қызметкерлердің қозғалысын бақылап, жаттығуларды дұрыс орындауын қадағалайды. Сонымен қатар олар жарақат алу қаупін азайтып, әр сарбазға жеке бейімделген жаттығу бағдарламаларын ұсына алады. Мамандардың пікірінше, мұндай жүйе әскери дайындық сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Жалпы, роботтар бүгінде адам өмірінің түрлі саласында маңызды рөл атқара бастады. Олар өнер мен мәдениетте шоу ұйымдастырып, кейде қоғамдық өмірде күтпеген жағдайларға да себеп болып жатады. Сонымен қатар тұрмыста күнделікті жұмыстарды жеңілдетіп, өндірісте күрделі міндеттерді атқарады.
Бұл үрдіс роботтардың тек техникалық құрал емес, қоғамның бір бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен олардың кеңінен қолданылуы қауіпсіздік, этика және адам мен машина арасындағы қарым-қатынас мәселелерін де алға тартады.
Сарапшылардың айтуынша, болашақта роботтармен өзара әрекет сапасы олардың адам өміріне қосатын пайдасы мен қауіпсіздігіне тікелей байланысты болады. Егер қоғам бұл технологияларды тиімді әрі жауапкершілікпен қолдана білсе, роботтар адамзат үшін жаңа мүмкіндіктер дәуірін ашуы мүмкін.
С.БЕГІМБАЙ