Қазақстан банктердің табысы төмендеді

Бұл қаңтар айымен салыстырғанда (198,6 миллиард теңге) 4,2%-ға төмен.

2026 жылдың ақпанында екінші деңгейлі банктердің таза пайдасы 190,3 миллиард теңгені құрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл қаңтар айымен салыстырғанда (198,6 миллиард теңге) 4,2%-ға төмен.

2026 жылдың қаңтар–ақпан қорытындысы бойынша сектордың жиынтық таза пайдасы 388,9 миллиард теңгеге жетті. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,4%-ға аз.

Ақпан айында табысын арттыра алған банктер саны — үшеу ғана: Ситибанк Қазақстан, Freedom Bank және Қытайдың Өнеркәсіп-сауда банкі. Ал кореялық BNK банкі 2026 жылдың басынан бері шығынмен жұмыс істеп отырған жалғыз банк болып отыр.

Сектор табысының төмендеуінің негізгі себебі — реттеудің күшеюі. Бұл, ең алдымен, тұтынушылық несиелеуге енгізілген шектеулер мен пруденциялық талаптардың қатаюына байланысты. Соның ішінде міндетті резервтердің ұлғаюы да әсер етіп отыр.

Бөлшек несиелеуге қойылған шектеулер ең табысты сегменттің өсуін тежеп отыр. Ал резервтік талаптардың артуы банктердің өтімділігін қысқартып, пайыздық маржаны төмендетеді. Соның нәтижесінде, несиелеу белсенділігі сақталғанымен, сектордың жалпы табыстылығы баяулап келеді.