Тыйым салса да, тиын санайды

Қарағанды облысында көпқабатты үйде газ баллонын пай­далануға тыйым салынған. Бұған дейін аймақта бір­неше рет газ баллоны жарылып, адам өлімі де тір­кел­ген еді. Бірақ одан сабақ алмай отырғандар да жет­кілікті.

Алдымен үшінші қайтара газ жарыл­ған Пришахтинскіге назар салайық. Бірін­ші оқиға бұдан 10 жыл бұрын, 2016 жы­лы болды. Төтенше жағдайлар де­пар­таменті көпқабатты үйдің төртінші қа­батында орналасқан пәтерде газ қос­пасының жарылғаны (5 литрлік газ бал­лон) туралы ақпарат таратты. Жа­ры­лыс салдарынан бөлмелердің қабыр­ға­сы, ас үй, жуынатын бөлме, дәліз және қо­нақ бөлмесінің жарты қабырғасы құ­ла­ған. 

Қатты жарылыстан бесінші қабат­та­ғы пәтердің арасын бөліп тұратын қа­­­­бырға құлап, терезелері сынған. Оқи­ға­дан үш адам зардап шекті.

Дәл осындай жағдай арада бес жыл са­лып, 2021 жылы наурыз айында тір­кел­ген еді. Газ баллоны жарылып, бір адам зардап шекті. Тұрғындар эва­куа­ция­ланып, бірнеше сағатқа электр жа­ры­ғы сөнді. Бұған қоса, жылу құбыры жа­рылып, пәтерлерді су басты. Құт­қару­шылар зардап шеккен адамнан басқа та­ғы 25 адамды эвакуациялады. Жары­лыс­қа газ баллонына қосылатын редук­тор­дың дұрыс істемеуі себеп болған. 

Ал үшінші оқиға жақында ғана тір­келді. Ер адам газ баллонын қасақана жа­рып, сегіз адамды жаралады. Дерекке сүйен­сек, ақпан айында әйелі ауырып көз жұмған соң қатты күйзеліске түскен аза­мат екі бөлмелі пәтерде қызымен бір­ге тұрып жатқан. Түнде тұрғындар ұй­қыға кетерде көршілер газ иісі кел­ген­нен кейін, құтқарушылар мен по­лицей­лерді шақырады. Сөйтсе, төртінші қа­баттағы тұрғын газды қосып, «бәріңді өлтірем» деп айқайлаған. 

Сақшылар тұрғындарды эвакуа­ция­лап үлгерді. Айтқанынан қайтпаған 40 жас­тағы дәнекерлеуші сіріңкені әдейі жақ­қан. Қазір аталмыш жайтқа қатысты бірнеше баппен қылмыстық іс қозғалды. Ал жарылыс жасаған азамат, тағы екі тұр­ғын және эвакуациялау кезінде жа­ра­қат алған бес полицей ауруханаға түс­ті.

Мұндай оқиғалар жиілеп кеткен уа­қытта, 2023 жылы Қарағанды қала­сы­ның әкімі Мейрам Қожухов қала тұр­ғын­дарына көпқабатты үйде газ бал­ло­нын пайдалануға тыйым салынатынын айт­қан болатын. Қауіпсіздік үшін газ бал­лонын емес, электр пешін пай­да­лану­ға шақырды. Тұрғын үй инс­пек­циясы мамандары, аудан әкімдіктерінің өкіл­дері, төтенше жағдай қызметкер­лері­нен жасақталған мобильді топ көше ке­зіп кеткен күндер де болды. Олар үйді-үйді аралап, өрт қауіпсіздігін және 2 қабаттан жоғары көппәтерлі үйлерде газ баллондарын сақтауға және пай­да­лануға жол бермеуді түсіндіруге көшті. Газ баллонын пайдаланып отырған қала тұрғындарын әкімшілік жауап­кер­ші­лік­ке тартып, айыппұл салынды. 

Келесі жылы, яғни 2024 жылғы 30 қаң­тарда Бұқар жырау ауданы Ботақара ауы­лында 2 қабатты, 12 пәтерлі тұрғын үйде жарылыс болды. Үйдің шатыры, қа­бырғасы мен едені, соның ішінде бірін­ші қабаттағы пәтерлер толығымен құ­лады. Апаттық-құтқару жұмыстары ке­зінде үйінділерден қаза тапқан екі адам және жарақат алған бес адам та­был­ды.

Иә, аймақта көпқабатты үйде газ ба­ло­нын пайдалануға рұқсат жоқ. Бірақ электр пешіне көшуге тұрғындар асығар емес. «Тыйым салса да, тиын санаймыз» де­гендер газ арзанға түсетінін алға тар­тып жүр.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы