Күмән себепсіз болмады, өткен жексенбіде Қорғалжын ауданындағы «Шөптікөл» бөгеті жарылып, ауыл халқына қауіп төнді. Десек те, жергілікті билік тасқынға биыл ерте бастан-ақ қамданғанын айта кету керек. Бұл тұрғыда ауыз толтырып айтар істер аз емес.
Әсіресе, еріген қардың суымен әп-сәтте жағасындағы елді мекендерді шайып, жолындағысын жайпап кететін Жабай, Қалқұтан, Есіл сияқты өзендердің арнасы қамыс пен қоқыстан тазартылып, табаны тереңдетілген болатын. Елді мекендерді су шайып кетпес үшін бөгендер нығайтылып, төтенше жағдайға әзір болуы үшін тәулік бойы тынымсыз әзірлікке көшкен. Алайда көктемгі тасқынға дайындығы соңғы кезеңге жеткенде «Шөптікөл» шыдас бермей қалды.
Атбасар: алдын алу – басты ұстаным
Осыған дейін бірнеше жыл бойы жүздеген үйді жермен-жексен етіп, миллиардтаған қаражаттың шығындалуына себепкер болған Атбасар қаласындағы Жабай өзенінің жағалауында біршама жұмыс атқарылды. Бұрын ені небәрі 30 метр болған өзен арнасы бүгінде 4 есеге кеңейіп, 120 метрге жеткен. Ал кеше ғана толарсақтан аспай, жаяу кешіп өте беретін өзеннің тереңдігі қазір 5 метрге жетті. Аудан әкімі Кенеш Әлімжановтың айтуынша, негізгі басымдық – апаттың салдарын жою емес, оның алдын алуға бағытталып отыр.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, қала көшелерінен қыс бойы 180 мың текше метрден астам қар шығарылған. Бұл – су тасқынының алдын алудағы маңызды қадамның бірі. Әкімнің айтуынша, қар шығару жұмыстары тоқтамауға тиіс, өйткені бұл көшелердің тез кебуіне және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне тікелей әсер етпек.
Ауданда су тасқынына қарсы күресте бірқатар инженерлік шешім де сәтті жүзеге асыпты. Атап айтқанда, қала маңында үш су өткізу құрылғысы орнатылып, Жақсы ауданынан келетін еріген қар суын Жабай өзеніне бағыттау мүмкіндігі жасалған. Сонымен қатар Тараз қаласындағы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұсынысымен екі бірдей жаңа бөгет салынған. Олар еріген қар суын Қамысты және Ұзынкөл көлдеріне бұруға арналған.
Аудан әкімінің орынбасары Бегахмет Махметовтың айтуынша, кейінгі 10 жылда дала суы Атбасарға алғаш рет жетіп, көлдердің тайыздануына әсер еткен. Жаңа бөгеттер осы табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған.
Жыл сайын қарғын судың зардабын жиі тартатын аймақта дүлей тасқынның алдын алу мақсатында бөлінген қаржыландыру да аз емес. Атап айтқанда, жарылыс жұмыстарына – 50 миллион теңге, жанар-жағармайға – 15 миллион, ал алдын алу шараларына 187 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаражатқа каналдар тазартылып, қорғаныс бөгендері нығайтылып, сонымен қатар жаңалары салынған. Ауданда барлығы 22 су өткізу нысаны орнатылып, 39 мың қап пен 10 мың тоннадан астам инертті материал дайындалған. Бұдан бөлек, 31 жаңа мотопомпа сатып алынған. Аудан әкімдігі бұл орайда тиісті қаражаттың дер кезінде берілуі мәселені жылдамырақ шешуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
– Биыл маңызды өзгеріс – барлық құрал-жабдықтың ауылдық округтерге алдын ала жеткізілуі болды. Бұл төтенше жағдай кезінде ең басты қажеттілік, яғни уақытты ұтуға мүмкіндік береді. Біздің ауданда 16 елді мекен су басу қаупінде тұр. Барлығын қорғау үшін кешенді жұмыс жүргізілді, – дейді аудан әкімі Кенеш Әлімжанов.
Деректерге жүгінсек, Ақан Құрманов атындағы ауылда үш метрлік қорғаныс бөгеті тұрғызылып, Қашқар өзенінде жарылыс жұмыстары жүргізілген. Самарка, Тельман, Бастау, Мариновка ауылдарында да қорғаныс бөгендері тұрғызылған. Сочинское ауылына кіреберісте арнайы су өткізу құрылғысы орнатылып, бұл жыл сайын бірнеше ауылды сыртқы әлеммен байланысын үзіп тастай беретін аса өткір түйткілден құтқарған. Сөйтіп, бұрын әр көктемде қатынас үзілсе, биыл Атбасар – Сочинское көпірінің толық аяқталуы бұл мәселені түбегейлі шешіп отыр.
Астрахан ауданы: үміт пен сақтық қатар
Астрахан ауданының Старый Колутон мен Қызылжар аймағында әлі қауіп бар. Кейінгі жылдары Старый Колутон ауылындағы өзенге жақын көшелерді су басу жиілеп кеткен. Ауыл әкімі Жанатхан Дәулеткерейдің айтуынша, биыл жағдай біршама тұрақтанады деген үміт бар.
– Бұрнағы жылдары елдің әбден үрейін қашырған Қалқұтан өзенінің арнасы кеңейтіліп, түбіндегі күл-коқыс пен шіріген қамыстары тазартылып тереңдетілді. Жағалауға қорғаныс бөгеттері салынды. Қажет болған жағдайда суды өткізу үшін жол уақытша ашылмақ. Сонымен қатар «Қызылжұлдыз» бөгеті де қалпына келтіріліп, 17 мың текше метр су ұстай алатын деңгейге жеткізілді, – дейді Жанатхан Дәулеткерей.
«Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамының өкілі Дамир Хайрушевтің айтуынша, кейінгі екі айда өзен арнасы 4 метрге дейін кеңейтіліпті. Теміржол көпірі маңындағы аумақ толық тазартылып, су ағынына кедергі келтірген өсімдіктердің шірінділері жойылған. Маңызды істе ауыл тұрғындары да қарап отырған жоқ. Олар құм толтырылған қаптарды дайындауға белсене кірісіп кеткен. Халықтың сын сағатында бірлесіп, жұмыла әрекет етуі қауіп төнген жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Жалпы, облыс аумағында жағдай бұрынғы жылдармен салыстырғанда біршама тұрақталды. Мамандар биыл көктемнің біртіндеп келіп, түнгі суықтың сақталуы қардың баяу еруіне ықпал еткенін айтады. Топырақтың тоң қабаты 5-30 см-ге азайған. Алдағы күндері негізгі қауіп орманды алқаптар мен өзен бассейндерінен келетін суға байланысты болмақ.
Мамандардың болжамынша, Жабай өзенінде – 1-6 сәуір, Қалқұтан өзенінде – 2-8 сәуір, Есіл өзенінде 9-15 сәуір аралығында су деңгейі көтерілмек. Биыл жарылыс жұмыстарының ауқымы да барынша кеңейтілген. Құзырлы органдар мен жергілікті атқарушы органдардың бірлесе әрекет етуінің арқасында 19 өзен мен 94 учаске қамтылған. Бұл былтырмен салыстырғанда едәуір көп болып отыр. Мұндай шаралар мұз кептелістерін болдырмауға бағытталған.
Деректерге жүгінсек, қазірдің өзінде Атбасар ауданындағы бірнеше ауылдар мен Ерейментау өңірінде мұз жару жұмыстары жүргізілген. Облыс бойынша 1,5 мың адам, 1 мыңға жуық техника, 90-нан астам тәулік бойы жұмыс істейтін бақылау бекеттері жұмылдырылған. Сонымен қатар 19 дрон арқылы әуеден бақылау жүргізіліп, «Қазгидромет» болжамдары мен Tasqyn ақпараттық жүйесі қолданылған. Нәтижесінде, биыл 2,8 миллион текше метр қар шығарылып, өткен жылмен салыстырғанда 56 пайызға артық көрсеткішке қол жеткізілген. 300 мың текше метр су сорылып, 450 шақырым канал тазартылған.
Дегенмен қауіптің беті толығымен қайтты деуге де болмайды. Қаншама дайындық жүргеніне қарамастан, «Шөптікөлдің» қалай шайқай салғанын көрдік. «Тек тасқынның беті осымен қайтсын» деп тілеп отырғанымыз жасырын емес.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы