Ол шамамен 2 ай ауырғанда, медициналық көмекке жүгінбей, өз бетінше дәстүрлі емес әдістермен емделген. Дәлірек айтқанда, бірнеше ай түрлі ББҚ өнімін (биологиялық белсенді қоспа) алып ішіп, тіпті онысын жақындарынан жасырып, кредитке де алған. Нәтижесінде, ісік бірнеше есе жылдам өсіп, жағдайы күрт нашарлайды. Кейін Алматыдағы онкология орталығына барып, мамандар шұғыл отаға кірісіп, науқастың өмірін сақтап қалды. Қазір ол химиотерапиядан өтіп жатыр, мамандардың ұдайы бақылауында. Жұрт «БАД» деп атап кеткен өнімдерге қатысты қауіпті жағдай жиілегенімен, жұрттың сенімсіз өнімдерге құмарлығы басылмай тұр.
Былтыр елімізде 1,5 мыңнан аса адам биологиялық қоспаны заңсыз сатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, яғни олар халыққа мемлекеттік тіркеуден өтпеген қауіпті өнімдерді сатып келген. Ал 2024 жылы 107 биологиялық қоспаның 28-сі техникалық регламент талабына сәйкес келмей, сатудан алынды. Дегенмен дәріхана мен дүкен сөрелерінде кеселге әкеп соқтыратын тауарлар әлі де бар. Себебі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шағым түссе немесе жоспарлы түрде ғана кей өнімдерді зерттеуден өткізеді. Комитеттің бас сарапшысы Гүлбану Есдәулетова ең алдымен өнімнің құжатына зер салу керек екенін мәлімдеген еді.
– Байқасаңыздар, қазір жарнама таратушылар әлеуметтік желілерде ББҚ-ның сертификаты бар деп айтып жатады. Биологиялық белсенді қоспалардың қауіпсіздігін растайтын бір ғана құжат бар, ол – мемлекеттік тіркеуден өткені туралы куәлік, – дейді маман.
Халық көз сүрінетін жарнаманың құдіретіне сенгені сонша, ББҚ-ны он екі мүшені түгелдей емдеп жазатын кереметтің біріндей көреді. Мамандардың айтуынша, бұл керемет өткен ғасырдың бірінші жартысында ғана пайда болған, ғылыми тұрғыдан толық зерттелмеген. XX ғасырда америкалық химик Карл Ренборг Қытай түрмесінде жатқанда, аштан өлмеу үшін түрлі шөптесін өсімдіктерді жинап, осы өнімді жасайды екен. Түрмеден шыққан соң бұл істі ермек етіп, тәжірибесін дамыта түседі, алғашқы өнімін достарына тегін таратып та көреді. Жақындары тегін дүниеге күмәнмен қарағандықтан, әлемдегі алғашқы дистрибьюторлық желіні ойлап тапты. Желілік маркетинг осылайша өмірге келген екен. Өткен ғасырдан бастау алған бұл өнімнің пайдасы мен зияны жөнінде Астана медицина университеті, академик Е.Даленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, нутрициология магистрі Жанна Нұрбергеннен сұрап білген едік.
– Дәрігерлердің қатары да екіге бөлінді, біреуі биологиялық қоспаны ішу керек десе, енді бірі одан аулақ болу керек дейді. ББҚ-ны ішу керек, бірақ сапалы, дұрыс өнімді таңдап-талғап алу маңызды. Еш жерде тіркелмеген желілік маркетингтердің өнімі, құрамы түсініксіз қоспалар қазір көптеп сатылып жатыр. Одан бөлек, шетелдік сайттардан тапсырыс беріп, ББҚ ішетін халықтың да саны артты. Туысқаным ішті, жеңгеме көмектесті, мына әнші жақсы деп айтты, тағы сондай жарнамаға еріп ішетін жұрт көп. ББҚ-ны таңдаған кезде сауатты, білікті маманнан, интегративті дәрігерден міндетті түрде кеңес алу керек. Кез келген өнімді тек дәрігердің нұсқауымен ішкен дұрыс. «Дәрумен ішу керек екен, ББҚ-ның заманы» деп біреудің айтқанына сеніп жүре беруге болмайды, – дейді ғалым.
Маманның айтуынша, асқынған ауруы бар науқастарға ББҚ ішуге мүлдем болмайды, ББҚ ауруды қоздырып, асқазан жарасының пайда болуына әкеледі. Адам ағзасында қатерлі ісік болған жағдайда ББҚ-лар рак клеткаларының көбеюіне әсер ететінін ғалымдар да дәлелдеп отыр.
– Адам ағзасында қандай да бір ақау, әсіресе ас қорыту жүйесінің аурулары кезінде ББҚ ішуге мүлдем кеңес бермейміз. Ас қорыту жүйесі сау болмаса, ББҚ ағзаға сіңбейді. Екіншіден, жарасы бар жерді ушықтырып, жараны тітіркендіріп, үлкейтіп жіберуі мүмкін. Қаптамасында құрамы, сақтау мерзімі, жасалған орны жазылмаған, беймәлім өнімдер де сатылып жатыр. Медициналық сауаты жоқ адамдар сондай өнімге ұрынады да, ауыр жағдайға тап болады. Бұл өнімдерде синтетикалық, химиялық қоспалар көп болады. Олар адамға ауыр зардап тигізіп, канцерогенді әсер етіп, түрлі онкологиялық аурудың пайда болуына себеп болып отыр. Алдымен ас қорыту жүйесіне кері әсер етіп, ішек микрофлорасын бүлдіреді. Микрофлора бұзылған жерде басқа да ауру пайда бола бастайды, – дейді Жанна Нұрберген.
Әр адамның ағзасы әртүрлі, егер адамның генетикасы мықты болса, ББҚ ағзаға жеңіл сіңіп, зиян тигізбей шығып кетуі де мүмкін. ББҚ генетикасы әлсіз, ауруға бейім адамға бірден кері әсерін тигізеді. Ал халық ББҚ-ны дәрімен қатар, дәрумен ретінде де қолданып жүр. Әрине, кез келген биологиялық қоспа дәрумен жиынтығына ұқсауы мүмкін. Дәрі, дәрумен мен ББҚ-ның үшеуі – үш түрлі ұғым. ББҚ – азық болса, дәрумен де – дәрі. Дәруменге түрлі зерттеу мен сынақ жүргізеді және фармацевтикалық сертификат беріледі, бірақ ББҚ дәруменнің орнын толық баса алмайды, адамға емдік әсер бермейді. Сонда ББҚ-ны қандай жағдайда ішу керек? Жанна ханым өнім табиғи күйінде әрі талаптарға сай келсе, дәрігердің кеңесін алып ішуге болатынын айтады.
– ББҚ – қандай да бір шөптерден, жеміс-жидектерден, балықтан, балдырлардан алынған табиғи өнім болса, тағамға қосымша ретінде қолдануға болады. Адам ағзасында қандай да бір жетіспеушілік болса, әсіресе әйел адамдарда дәрумен тапшылығы туса, дәрумендерді жеке-жеке алып ішуге болады. D3 дәруменін, темірді сатып алып, ББҚ ретінде іше аламыз. Құрамында 20 түрлі дәрумен бар, 100 түрлі минерал бар деген ББҚ-лар – барып тұрған жалған өнімдер. Ондай өнімдердің құрамында дәрумен болса да, өте аз мөлшерде кездеседі, қалғаны – толған синтетика, – дейді Ж.Нұрберген.
Демек, мемлекеттік тіркеуден өткен, құрамында бөгде қоспасы жоқ сенімді дәрумендерді қолдануға болады. Мысалы, С дәрумені табиғи күйде болса, иммунитетті көтеру үшін балаларға да, ересектерге де ішуге болады, алайда маман ББҚ түгілі, дәріханадағы өнімдерге күмәнмен қарау керек дейді.
– Рак ауруын шақыратын зиянды ББҚ-ның бірі – дәріханада сатылатын қарапайым аскорбин қышқылы десем, қателеспеймін. Аскорбин қышқылын С дәрумені деп ойлаймыз ғой. Табиғи цитрус өсімдіктерден, итмұрыннан бөлініп алынатын С дәрумені аскорбин қышқылы секілді 200-300 теңге тұрмайды. Цитрустан С дәруменін бөліп алу – ұзақ әрі қымбат процесс, олар нарықта аскорбат түрінде кездеседі. Дәріханадағы дәрумендердің өзінде де көп жағдайда синтетикалық қоспа бар. Табиғатта кездеспейтін, химиялық жолмен жасалатын нәрселер қай кезде де ағзамызға зиян. Аскорбин қышқылын ұзақ уақыт ішетін болсаңыз, тас болып жиналу қаупі жоғары және канцерогенді әсер етеді, – дейді маман.
Ж.Нұрбергеннің сөзінше, синтетикалық құрамды дәрілердің қаптамасына зер салсаңыз, 7 күннен артық ішуге болмайды деген ескертпе жазылып тұрады. ББҚ-ның құрамында синтетика болса да, мұндай ескертпенің бірін көрмейсіз, тіпті қауіпті қоспалардың барын да жазып көрсетпейді. Өкініштісі, ата-аналар баласына да бұл қауіпті өнімдерді беріп жүр.
– Аурудың асқынуына жеткізбей, табиғи жолмен, ешқандай дәрі-дәрмексіз емделуге болады. Ауру асқынған жағдайда ғана химиялық жолмен емделуге тура келеді, өкінішке қарай. Ата-аналар бала тұмауратып қалса да, антибиотикті өз бетімен бере береді, бұл – ең қауіпті синтетитикалық дәрі. Егер тұмауратып қалса, зиянды дәрілерге, басқа өнімдерге жүгірмей, лимон, итмұрын қосылған жылы су, ыстық шайды көбірек ішу керек. Итмұрын қайнатпасын көп ішсеңіз, С дәрумені ағзаға жоғары дозада түседі, бірақ халық дәріханаға әбден үйреніп алған, – дейді Ж.Нұрберген.
Ал бірінші санаттағы жалпы тәжірибелік дәрігер, медициналық сарапшы Жазира Сматқызы болса, ауруханаға келетін науқастардың көбі ББҚ, коллаген ішетінін қан анализдеріне қарап байқаймын дейді.
– Пациенттерім биологиялық анализдерді тапсырғанда, бауырға қатысты көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Пациенттен сұрасам, ешқандай дәрі ішпедім, тек ББҚ ішемін деп жауап береді. ББҚ-ның ішкі ағзаға, бауырға зиянын тек анализ арқылы біле аламыз. Жақында бір пациентімнің анализіне қарап, B12 дәруменінің тым жоғарылап кеткенін көрдік. Бұл – бауыр жұмысына жауап беретін дәрумен. Бауырда нерв талшықтары болмағандықтан, оның қызметі бұзылса да, адам ешқандай симптом байқамауы мүмкін. Пациенттер сол себепті ұзақ жүріп қалады. Басқа шағымдармен келген адамдардың негізгі мәселесін осылай біліп жатамыз, – дейді терапевт.
Оның айтуынша, ББҚ-ға жарнама жасайтындар қандай да бір ауруға осы өнімді ішсең болады деп кеңес айтқанымен, қарсы көрсеткіштері туралы тіс жармайды. Бұл қателік тұтас қоғамның ойын өзгертті. Ағзада сау тін де, зақымдалған тін де, бактерия мен вирус та болуы мүмкін. ББҚ сол бактерия мен вирустарға қоректік зат болып есептеліп, жайлы жағдай жасайды. ББҚ онкологиялық ауру кезінде химиялық әсер етіп, зақымдалған жасушаны одан сайын өршітеді. Сол себепті бұл бағытта әлі талай зерттеулер қажет, ал адам баласы кез келген өнімге сын көзбен қарағаны игі...
Айсұлу СЪЕЗХАН