Ұлы даланың жаңа картасы: үлкен дерек пен ұлық дәуір диалогы

Жер қойнауы – үнсіз жатқанымен, ұлт тағ­дыры­на үн қо­са­тын, елдің есебін түгендеп, ер­теңін жарқын ете алатын асыл құндылық.

Президент айқындаған міндеттер сол құн­ды­лықты геология көмегімен эко­номиканың стра­тегиялық өзегіне айналдыруды көздейді. Цифрландыру мен ғылым тоғысқан тұста кен мен кеңістікке деген көзқарас та жаңа­рып, са­ла мүлдем жаңа кезеңнің табалдырығын ат­­тап отыр. Енді бұл белес – байлықты табудың ға­­на емес, оны парасатпен игерудің сынағы.

Геология – экономиканың көрінбейтін тірегі

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы геологияның рөлі зор. Елдегі қазба байлықтарының барланған қорын ұлғайту және оның өндірісін арттыру – Президенттің 2029 жылға қарай ел экономикасын екі еселеу міндетімен тікелей сабақтас. Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйектегі соңғы Жолдауында геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуді мемлекеттік маңызды міндет деп бағалады. Оның айтуынша, елімізде ауқымды аэро-геофизика зерттеулері әбден ескірген. 

– Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қой­науы­ның заманауи картасын жасайтын уақыт келді. Мұндай қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүм­кіндік береді. Бұл жұмысқа да халықаралық сарапшыларды тар­туға болады. Әрине, ғылыми негізі болмаса, барлау жұмы­сын ойдағыдай жүргізу мүмкін емес. Келесі жылдың ортасына дейін озық халықаралық стандарттарға сай сертификаты бар зертхана ашу керек. Оны Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құрған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жауапты мемлекеттік ор­ган­дарға жер қойнауына қатысты м­ә­лі­меттің бәрін, ең алдымен, ЖИ-ді енгізу ар­қылы жүйелеп, цифрландыруды жүк­те­ді. Геологиялық барлау және жер қой­науын игеру саласындағы реформалардың заң мен іс жүзіндегі рәсімдерін толық аяқ­тау міндетін қойды. Мұның астарында бір шындық бар: геология енді тек ғылым емес, технологиялық саясаттың діңгегі.

Осы орайда өткен апта соңында ұйым­дастырылған «Geoscience & Exploration of Central Asia» (GECA 2026) халықаралық гео­логиялық форумындағы сөзінде Пре­мьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмасына орай Қазақстан геоло­гия­лық барлауды күшейтетінін және саланы да­мыту үшін жаңа инфрақұрылым құра­ты­нын жариялады. 

– Биыл – шын мәнінде, ел үшін тари­хи жыл. Экономика мен қоғамның бар­лық саласын одан әрі жаңғырту ісіне тың сер­пін берген жаңа Конституция қа­был­дан­ды. Ата заң нормаларын жүзеге асы­ру­ға айрықша көңіл бөліп отырмыз. Өз­геріс­тер экономиканы дамыту үшін жаңа мүм­кіндіктер ашады, соның ішінде гео­ло­гиялық барлау саласы отандық өнер­кә­сіптің стратегиялық негізіне айналды, – деп атап өтті О.Бектенов.

Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сымен осы сектордың инвес­тиция­лық тартымдылығын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және за­манауи технологияларды қолдану аясын кеңейтуге бағытталған геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы жүйелі ре­формалар қолға алыныпты. Салалық жаңа заң қабылданды. Мұндағы маңызды қа­дам қызметтерге ашық қолжетімділікті қам­тамасыз ететін жер қойнауын пай­да­ланудың Бірыңғай порталын іске қосу бо­лады. Мәселен, «Бірінші келгені – бірін­ші алды» деген әлемдік тәжірибенің не­гізінде жер қойнауын пайдалану құқы­ғын беру жеңілдетілді. Бұл соңғы үш жыл­да геологиялық барлауға шамамен 280 млрд теңге жеке инвестиция тартуға мүм­кіндік беріпті. 

Бүгінде елімізде геологиялық саланы дамытудың заманауи және технологиялық моделі қалыптасып жатыр. Ұзақмерзімді басымдықтар қатарында – техногендік ми­нералдық түзілімдерді экономикалық айналымға тарту, жерасты суларының кен орындарын түгендеу бойынша жүйелі жұмыс, сондай-ақ саланың цифрлық транс­формациясы жағдайында жұмыс іс­теуге қабілетті жаңа формация маман­да­рын – геологтар, инженерлер мен сарап­шылар даярлау бар. Астанада геоло­гия­лық кластер құрылу үстінде: оған са­рап­тамалық зертхана, кен қоймасы және геологиялық ақпарат қоры кіреді. Жер қойнауы қанша бай болса да, оған қол жет­кізер кадрлық, қаржылық, техно­ло­гия­лық ресурстар болмаса, байлық – тек кар­тадағы белгі күйінде қалмақ.

Қор-сандықтағы қазына қаншалықты салмақты?

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметі бойынша, еліміз елеулі минералды-ши­кі­заттық әлеуетке ие: шамамен 10 мың кен орны есепке алынған. Оның 1 мыңнан ас­­тамы – қатты пайдалы қазбалар, 359-ы – кө­мірсутектер, 3 700-ден астамы – кең тарал­ған пайдалы қазбалар, шамамен 4 900-і – жерасты су көздері. Қазақстан ши­кізатының негізгі түрлеріне: жалпы кө­лемі 33,5 млрд тонна көмір, 26,7 млрд тон­на темір, 3,8 трлн текше метр газ, 4,3 млрд тонна мұнай және 2,3 мың тоннадан астам алтын жатады. Кейінгі бір жылда пай­далы қазбалар қоры шамамен 98 тонна ал­тынға, 36 мың тонна мысқа, 11 млн тон­на марганецке, 1,3 млн тоннадан астам фосфориттерге өсті.

Ресурстық базаның едәуір бөлігін си­рек жер металдары құрайды. Екінің бірі бі­ле бермес: 2025 жылы Қазақстанда әлем­­дегі бірегей кен орны ашылды. «Құйрық­ты­көл» деген атау – ғалымдар мен инвес­тор­ларды елең еткізген сирек ме­тал­дарға қатысты сенсациялық жаңалық. Өйткені алдын ала дерек бойынша онда әр грамы алтыннан да құнды 800 мың тон­наға жуық церий, неодим, иттрий жә­не басқа да си­рек элементтердің қоры бар еке­ні анық­тал­ды. Бұл ата-баба қасық қа­ны қалғанша қорғаған қасиетті қазақ жері әлемнің көп еліне бұйыра қоймаған аса сирек қазынаға да толы деген сөз. Жаһан­дық техноло­гия­лар тәуелді, әлем таласқан сирек ме­тал­дар­дың біз­дің елімізден мол табылуы – та­рихи мүм­­кіндік. Бірақ әрине, бай­лық­тың бар­лы­ғы ғана емес, оны бас­қару мә­дениеті мен игеру мүмкіндігі де шешуші рө­л ат­қарады. 

– Бүгінде біз жер қойнауын игерудің дәс­түрлі моделін түбегейлі қайта қарауды та­лап ететін кезеңде тұрмыз! Сұраныс құры­лымы өзгеруде, жер бетіне жақын қаз­ба байлық таусылуға таяп, перспек­ти­валы ресурстар тереңдей түсті. Тұрақ­ты­лық пен экологиялық жауапкершілікке қойы­латын талаптар артып келеді. Бұл ен­ді конституциялық құндылық. Осы тұр­ғыда Қазақстан минералдық-шикізат ба­засын кең ауқымды өңірлік экожүйенің бір бөлігі ретінде қарастырады. Қолда бар ре­сурстарды ұтымды және тиімді пайда­лану негізгі міндет, – деді министр Ер­сайын Нағаспаев.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, ел аумағының геологиялық-геофи­зи­ка­лық зерттелуін 2026 жылға қарай 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту жұмыс­тары жалғасты. Қазіргі кезде 2 млн 14 мың шар­шы км зерттеліпті, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2 млн 38 мың шаршы ша­қырымға жеткізілуге тиіс. Министр жаһан­дық технологиялық компаниялар мен шетелдік инвесторларды жер қой­науын барлауға шақырды. Қазақстан гео­логия саласында өзара тиімді серік­тес­тікті кеңейтуге, бірлескен бастамаларды іске асыруға ашық екенін мәлімдеді. 

Саланың келесі даму кезеңі басталды

Өнеркәсіп және құрылыс вице-ми­нистрі Иран Шарханның ай­туын­ша, геологиялық сала жүйелі жаңғырту кезеңіне өтіп отыр. Бүгінде елімізде 103 пай­далы қазба түрі бойынша 10 мыңдай кен орны мемлекеттік есепке алынған. Қат­ты пайдалы қазбалар бойынша 2 907 ли­цензия және 251 келісімшарт қол­да­ныста. Жыл басталғалы барлау жұмыс­та­ры­на 707 лицензия, өндіруге 22 лицензия берілген. 

Вице-министрдің түсіндіруінше, са­ла­ның келесі даму кезеңі геологиялық зерт­теуді 1:50 000 масштабына көшіру бол­мақ. Яғни, геофизикалық карталар осы масштабпен жасала бастайды. Бағ­дар­л­ама заманауи геофизикалық, қа­шық­тықтан және геохимиялық зерттеу әдіс­терін, сондай-ақ деректерді терең цифр­лық өңдеуді қолдануды қарастырады. Бұл перспективалы учаскелерді ерте анық­тау­ға, өзекті геологиялық карталарды қалып­тас­тыруға және геологиялық барлау жұ­мыс­тарының тиімділігін арттыруға мүм­кін­дік береді. 

Жер қойнауын зерттеудің жаңа бе­ле­сін бағындыру үшін геологиялық барлауға 240 млрд теңге бөлінеді. Мәселен, 2026-2028 жылдары 100 мың шаршы шақырым жал­пы алаңда 1:50 000 масштабты гео­логиялық түсірілім жүргізуге 20 жоба әзір­ленді. Одан кейін жыл сайын 30 мың шар­шы шақырым болатын ең перспек­ти­валы учаскелер қамтылады. Салыстыру үшін айтсақ, кеңес заманында жасалған жә­не әлі күнге қолданылатын картаның бұ­рынғы масштабы 1:200 000 болды. Бұл – дәлдіктің 4 есеге артуы! Нақты карта – нақты инвес­тицияның кепілі.

20 жобаны жүзеге асыруға, аз зерттел­ген шөгінді бассейндер аумағында сейс­ми­калық барлау жұмыстарын жүргізуге, қазіргі заманғы геологиялық инфрақұры­лым­ды құруға 240 млрд теңге немесе ша­мамен $500 млн бағыттау жоспарланып отыр. Тағы да салыстырсақ, Қазақстан соң­ғы 15 жылда $469 млн салды. Бұл – ай­тарлықтай серпіліс. Демек, мемлекет тәуе­келге барып отыр. Ал тәуекел – кө­біне үлкен өзгерістің алғышарты.

Биыл аэрогеофизикалық және дала­лық жұмыстар, соның ішінде геохимия, бұр­ғылау және арықтар қазу жос­пар­лан­ған. Дала жұмыстары маусымының қоры­тын­дысы бойынша сынамаларға алдын ала зертханалық талдау жүргізіледі. Гео­логиялық түсірілім Ақмола, Ақтөбе, Ал­маты, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қос­­­танай, Солтүстік Қазақстан, Маң­ғыс­тау, Түркістан, Абай, Ұлытау облыс­тары­ның аумақтарын қамтиды. Бүгінде осы жұ­мыс аясында мыс, алтын, қорғасын, мы­рыш, сирек жер элементтері, барит, бок­сит кен орындарын анықтау бойынша әлеуеті жоғары алаңдар анықталды.

Жалпы, Солтүстік Торғай, Шу-Сары­су және Сырдария бассейндерінде мол м­ұ­най-газ қоры болуы мүмкін деп есеп­теле­ді: бұл аймақтарда 2D сейсмикалық бар­лау жұмыстарының 6 жобасын жүзеге асы­ру көзделген. Сейсмикалық барлау жүр­гізу мұнай мен газдың перспективалы құры­лымдарын табуға, сондай-ақ қара алтын мен көгілдір отынның әлеуетті кө­лемін бағалауға жол ашады. Мысалы, Арал бассейнінде 20-дан аса мұнай-газ­дың перспективалы учаскесі айқындалып, оларды аукционға шығару жоспарланып отыр. Барлық жоба 2028 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Өнеркәсіп министр­лігі­нің түсіндіруінше, осы егжей-тегжейлі мас­штабта жер қойнауын геологиялық зерт­теуге көшу Еуроодақ, Канада, Ауст­ра­лия сияқты елдердің тәжірибесіне сәй­кес келетін геологиялық болжамдардың дәл­дігін едәуір арттырмақ.

Жасанды интеллект: архивтің екінші өмірі

Геология цифрландыру дәуіріне қадам басты. Ұлы дала қойнауында жасырулы қазынаны табуда Үкіметке жа­сан­ды интеллект көмектеспек. Президент Қ.Тоқаев жариялаған Цифрландыру және ЖИ жылында Қазақстанда геологиялық деректерді соның көмегімен цифрлан­дыру, сақтау, жүйелендіру және тиімді пай­далану бойынша ауқымды жоба да жү­зеге асырылып жатыр. Бұл мақсатта «Ұлт­тық геологиялық қызмет» АҚ ЖИ қол­­­­­данылатын ақпараттық жүйе (Big Data) құру жобасын қолға алды. Жоба кен пайдаланушылардың қаражаты есебінен қаржыландырылады. 

Жасанды зерде арқылы цифрлан­ды­рып, сканерлеудің негізгі мақсаты – 1950–1990 жылдары Қазақстандағы бар­лық геологиялық қорларда қалыптасқан тари­хи геологиялық ақпараттың шамамен 5 млн бірлігін ЖИ технологиялары негі­зін­де машина оқи алатын форматқа ауыс­тыру. Бұл елдің геологиялық ақпара­т­тарына орталықтандырылған қолжетім­ді­лік беріп, пайдалы қазбаларды пай­да­лануға инвестициялық шешім қабылдауда маңызды фактор болады. Яғни, кез келген отандық не шетелдік инвестор ортақ пор­талға кіріп, архивте елеусіз жатқан кен ор­нын тауып, оны игеруге қаржы сала ала­ды. 

Қазір бастапқы геологиялық ақпарат­тың 98%-дайы цифрландырылған (ска­нер­ленген). Бұл деректер қорындағы қа­ғаз құжат, графикалық қосымшалар па­рақ, магниттік таспа және картридж тү­рін­де сақталып келген шамамен 5 млн же­ке объектіні құрайды. Жоба аясында із­деуді оңайлату үшін интерактивті карта, ана­литикалық құралдар және интел­лек­туалды чат-бот енгізілмек. Қазақстандағы барлық геологиялық ақпаратты толық циф­рландыру және жүйелендіру процесін 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жос­пар­ланған.

Қазақстан жер қойнауындағы байлық­ты жаңа деңгейде игеруге бет алды. Жүйе­лі реформалар, цифрландыру, халықара­лық стандарттар – бәрі бар. Кең ауқымды әрі сан-салалы жұмыстар жүргізіліп жат­қаны байқалады. Ендігі мәселе – сол бай­лықтың ел игілігіне әділ әрі адал қыз­мет етуі, талан-тараж болмауы. Қазына табу – бір басқа, оны сақтау мен ел игілі­гіне жарату – одан да күрделі. Тарихтың талабы да, уақыттың таразысы да Әділетті Қазақстанның асқарын осыған қарап өл­шейді.

Айхан ШӘРІП