Қарағандыда өзін өртемек болған ер адамға айыппұл салынды

Сот ер адамның кінәсі өз мойындауы, куәгерлердің айғақтары мен бейнежазбалар арқылы дәлелденгенін атап өтті.

Қарағанды қаласында қоғамдық тәртіпті бұзған ер адам жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс материалдарына сәйкес, ол қоғамдық орында үстіне бензин құйып, өзін өртемек болған. Сонымен қатар балағат сөздер айтып, айналасындағылардың тыныштығын бұзған.

Аталған іс Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тарапынан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша қаралды.

Сот ер адамның кінәсі өз мойындауы, куәгерлердің айғақтары мен бейнежазбалар арқылы дәлелденгенін атап өтті.

Жаза тағайындау кезінде оның кінәсін мойындауы, өкінуі, құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы және денсаулық жағдайы ескерілді. Нәтижесінде оған 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кеткен жөн, бұған дейін 33 жастағы тұрғын базар әкімшілігімен жанжалға түсіп, сауда контейнерлерін ала алмағаны хабарланған. Кейін келіссөздерден соң ол әрекетін тоқтатып, мәселені заңды жолмен шешуге келіскен.