Тұрғындар смартфон қосымшалары арқылы полицияға хабарлай алады

Шығыс Қазақстанда енді өтініштерді тек «Police-102» профильдік қосымшасы арқылы ғана емес, eGov Mobile, Kaspi.kz және Halyk Bank танымал банк қосымшалары арқылы да жолдауға болады.

Шығыс Қазақстан облысында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындардың полиция қызметіне оқиғалар туралы мобильді сервистер арқылы хабарлауына мүмкіндік беретін жүйе енгізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Тұрғындар арасында ең танымал құрал  eGov Mobile  болды, ол арқылы 205 өтініш берілген. Сондай-ақ 112 өтініш  Kaspi.kz  арқылы, ал 59-ы «Police-102» арқылы келіп түсті. Келіп түскен ақпараттарды талдау ШҚО тұрғындарының жоғары азаматтық жауапкершілігін көрсетеді. Барлық хабарламаның жартысынан астамы, яғни 211-і жол жүрісі қағидаларын бұзу деректеріне қатысты. Осындай қырағылықтың арқасында полиция жолдардағы қауіпті жағдайлардың алдын алуда. Сонымен қатар цифрлық арналар тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері мен кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған оқиғаларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Аталған деректер бойынша заңды процестік шешімдер қабылданды, – деді ШҚО Полиция департаментінің өкілдері.

Заманауи технологияларды қолдану полицияның алдын алу шараларын күшейтіп, ауыр салдарды болдырмауға септігін тигізеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.