Көлік Есіл өзеніне ағып кетті

Ақмола облысында адам өміріне қауіп төндірген тағы бір оқыс оқиға тіркелді.

Аршалы ауданында жеңіл автокөлік Есіл өзеніне түсіп кетіп, күшті ағыс оны шамамен 500 метрге дейін ағызып алып кеткен,  деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Оқиға барысында жүргізуші дер кезінде әрекет етіп, көліктің салонынан шығып үлгерген. Ол су ортасында қалған автокөліктің шатырына шығып, құтқарушыларды күтуге мәжбүр болған.

 Хабар түскен бойда Аршалы ауданының әмбебап бөлімшесінің құтқарушылары жедел түрде оқиға орнына жетті. Құтқару операциясы қайықтың көмегімен жүргізіліп, мамандар ағыс ортасында қалған азаматқа жетіп, оны жағаға аман-есен эвакуациялады,  дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.

Абырой болғанда, ер адамға медициналық көмек қажет болмаған. Құтқарушылар көктемгі кезеңде өзен-көлдердегі су деңгейінің көтерілуі мен ағыстың күшеюіне байланысты қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы