Қызылорда облысы Арал ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы тазалық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айналаның таза әрі ұқыпты болуы, қоғамдық орындарды қоқыстан арылту мақсатында ауданда апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Бұл жолы да мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары белсенділік танытып, тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты.
Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев қала аумағында жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарымен танысып, әр аймақтағы сектор меңгерушілері мен жауапты тұлғаларға қаланың санитарлық жағдайын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы қаладағы Балықшылар аллеясының абаттандыру жұмыстарын аралап көріп, тұрғындар жиі жиналатын қоғамдық орынның күтіміне жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті. Осы бағытта бірқатар жауапты азаматтарға ескерту жасалды.
Бұдан бөлек, қалада жаңадан салынып жатқан теміржол вокзалы ғимаратының құрылыс барысымен танысты. Құрылыс алаңында мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Сенбілік барысында қала аумағы секторлар бөлінісіне сай тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Қала көшелері қоқыстан тазартылып, жол жиектері құмнан аршылып, әктеу және сырлау жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар көшелерде жиналған жаңбыр сулары арнайы техникалардың көмегімен тазартылып, қала аумағынан шығарылуда.