Қостанай қаласында Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қарумен жүрген азаматты дер кезінде ұстап, қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға кешкі сағат 20:50 шамасында көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің маңында болған. ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімінің жауынгерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, күдік тудырған азаматты тоқтатты.
Тексеру барысында оның жанынан пневматикалық тапанша табылып, тәркіленді. Анықталғандай, ол бұған дейін аспанға оқ атып, қоғамдық тыныштықты бұзған.
Құқық қорғау органдарының жедел әрі кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде күдікті ұсталып, одан әрі тергеу жүргізу үшін жақын маңдағы полиция бөлімшесіне жеткізілді.