Сұр даңғылдан дүр даңғылға

«Қызылорда – Ақтөбе» автожолы – Қазақстанның батыс және оңтүс­тік өңірлерін жалғайтын стратегиялық маңызы зор көлік дәліздің бірі. Көп жылдан бері аталмыш автожол бағытына қатысты келең­сіз­дік көпті толғандырып келген. Әсіресе, автодәліз құрылысынан кет­кен кемшілік күн тәртібінен түскен емес.

Жалпы, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» ха­лықаралық автодәлізінің 810 шақырымы Сыр өңірінен өтеді. Оның ішінде күрежолдың 566 шақырымы Қызылорда мен Ақтөбе ба­ғытына тиесілі. Дейтұрғанмен, кейінгі кездері атал­­мыш бағытта жол-көлік оқиғасының жиі­­леуі елді елең-алаң күйге түсірді. Бұл бі­рін­­ші кезекте жол бөлігін екі жолақтан төрт жо­­лаққа ауыстырылып, бірінші санатқа кө­шіру сұранысын арттырып тұр.

Мәліметке сәйкес, екі облыстың арасын жал­ғайтын бұл күрежол бойында өткен жыл­дың өзінде 70-ке жуық жол апаты тіркелгені жайында дерек бар. Соның салдарынан 37 адам қаза болып, 130 жолаушы түрлі дене жа­рақатын алғаны айтылады. Жалпы осы жол­мен қатынайтын көліктер санының да жыл сайын артып келе жатқаны байқалады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінен күніне 10 мың­нан астам көлік қатынасы тіркелсе, оның ішінде жолаушылар тасымалымен қатар, жүк көліктерінің де үлесі басым. Бұл жол, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін, құрылыс ма­териалдары мен өнеркәсіп тауарларын та­сы­малдауда маңызды рөл атқарады.

Осы орайда айта кеткен абзал, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 10 қазанда Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапарында аталмыш жол мәселесіне назар аударған еді. Нәтижесінде, Қызылорда қа­ласынан Ақтөбеге дейінгі автомобиль жо­лын төртжолақты етіп қайта жаңғырту жо­басы­ның жобалау жұмыстарын жедел бастау жөнінде тапсырма берген болатын.

Жыл басында Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында да Президент күрежол бойындағы бұл келеңсіздікті назарға алды. Келелі кеңесте Сыр өңірінде жүзеге асыры­латын бірқатар ірі жоба жария болды. Оның ішінде «Бейнеу – Сексеуіл» автожолы мен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытын кеңейту жобасының биыл басталатынын мә­лім­деген болатын.

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақ­стандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осы­ған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бер­дім. Биыл осы бағытта төртжолақты жаңа кү­ре­жолдың құрылысы басталатын болады», – деп атап өтті бұл жөнінде Президент. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәй­кес, жуырда күрежол бойында қозғалыс бас­талды. Нақты айтқанда, өңірдің көлік инф­рақұрылымын дамытуға бағытталған маңыз­ды жобаның бірі – Қызылорда – Ақтөбе жолын төртжолақты етіп кеңейту жұ­мыс­тарының алғашқы кезеңі бастау алға­ны жария болды. 

Негізінен, мінлетті жұмыстарды қысқа ме­рзімде орындау мақсатында демеушілердің қол­дауымен 350 млн теңгеге техника-эко­но­микалық негіздеме әзірленген. Соның нәти­жесін­де ұзындығы 487 шақырым болатын жол жобасы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. 

«Қазавтожол» Қызылорда облыстық фи­лиалының дерегіне сәйкес, бірегей жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Оның бі­рін­ші кезеңінде ұзындығы 26 шақырымды құрайтын Қызылорда қаласының айналма жо­лы салынады. Ал екінші кезеңде Қызыл­орда қаласынан басталып, облысқа қарасты Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудан­дары­ның сыртынан айналып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дә­лізіне қосылатын 462 шақырым жол салу жос­парланып отыр.

Жоба толық жүзеге асқанда автодәліз бойында 11 көпір, 13 жол өткелі, үй жануар­ла­рына арналған 62 өткел және 399 су өткіз­гіш құбыр салынады деген жоспар бар. Бұған қоса, жүргізушілер мен жолаушыларға арнал­ған заманауи сервистік қызмет көрсету ны­сан­дары салынбақшы. Бұл өз кезегінде жо­лау­шылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, шағын және орта бизнестің да­муына тың серпін береді деп күтілуде. Ма­мандар автожолдың ІІ санаттан І санатқа кө­терілуі көлік қозғалысын жеңілдетіп, жүк та­сымалына қолайлы жағдай туғызады деп отыр. Бір сөзбен айтқанда, қос аймақты бай­ланыстыратын маңызды бағыт өңірдің тран­зиттік әлеуетін күшейтіп, ел экономи­ка­сы­ның дамуына оң серпін беретініне зор сенім­мен қарайды. Көп жыл күткен күрежол құ­ры­лысына тұрғылықты халықтың да айтар пі­кірі аз емес. 

«Жолдың жайы маған жақсы таныс. С­о­ның ішінде жолдың тарлығы мен жүк кө­лік­терінің көптігі салдарынан Қызылорда – Ақ­тө­бе бағытында қиындықтар бар. Сондықтан көп жылдан бері бұл бағытты толықтай жаң­ғырту қажеттігі туындап тұр. Қазалы ауда­ны­нан шыққан соң, Қамбаш пен Шөміш ауыл­дарының аралығындағы жол көп жағдайда ойдым-ойдым күйге түседі. Сонымен қатар жайылымнан қайтқан малдар жолдан жиі өтеді. Соған орай малдың жол үстінде жүр­меуі­не тосқауыл ретінде жолдың екі жағын қор­шаса немесе жол астына мал өтетін өткел сал­са, қауіптің алдын алуға үлкен сеп болар еді. Тағы бір айта кететін жайт, күрежолдың ауыл­дарды айналып өтуіне мән берілсе, жол­дың негізгі бөліктерін жарықтандыру ісі на­зардан тыс қалмаса деп есептеймін. Жалпы, екі өңірді жалғайтын жолды төртжолаққа ай­налдыру жобасының басталғанына қуан­дық. Ендігі кезекте аталмыш жолды төрт­жо­лақты етіп кеңейту барысында сапаға баса мән берілсе деген ұсынысымыз бар», – деп өз ойын білдірді Арал өңірінің тұрғыны Тілеу­жан Сүлейменов. 

Қалай дегенде де, тар жолдың тауқыметін тартқан халық ауқымды жобадан оң нәтиже күтетінін жеткізіп отыр. Ең бастысы, күрежол қауіпсіз, әрі қос өңірді жалғайтын қолайлы бағытқа айналатынына сеніммен қарайды. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы