Алғашқы жылдары нарықтық экономикаға көшудің қиындықтары, халықтың өмір сүру деңгейінің нашарлауы, мемлекет тарапынан жасалатын жәрдемнің күрт төмендеуі секілді түрлі мәселелер болды. Дегенмен кейін ел халқы өсіп, 20 миллиондық межеден астық.
Халық саны қалай құбылды?
Сарапшылар еліміздің демографиялық даму кезеңін үшке бөліп қарастырады. Алдымен ұзақ уақытқа созылған экономикалық дағдарыс пен кейінгі жаңғырту реформалармен сипатталған кезең – 1991-1999 жылдар аралығы. Бұл кезде халық саны 1,3 миллион адамға азайған. Себебі елде эмиграция үрдісі қатты жүріп, жалпы жұрттың 2,6 миллионнан астамы шетелге көшіп кетті. Көші-қон сальдосы теріс 1,8 миллион адамды құрады. Сондай-ақ туу көрсеткіші 38,5%-ға төмендеп, өлім-жітім көрсеткіші керісінше 9,7%-ға артты. Осылайша, табиғи өсім 1991 жылғы 218,8 мыңнан 1999 жылғы 72 мың адамға дейін азайды. Елдің өмір сүру ұзақтығы де кері кетіп, орташа есеппен 3 жылға қысқарды. 1990 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 68,7 болса, 1999 жылы 65,7 жасты құрады. Бөлек алғанда, ерлердің жасы – 3,3 жылға, әйелдер жасы 2,2 жылға қысқарды. Кейін жағдай бірте-бірте жақсарды.
Дегенмен Ұлттық статистика бюросының есебінше, 2026 жылғы 1 ақпанда ел тұрғындары 20 518 005 адамға жетті. Қазір халықтың 13 миллионнан астамы қалаларда тұрса, шамамен 7,5 миллионы ауылдық елді мекендерде өмір сүріп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, елімізде туу көрсеткішінің шарықтау шегі 2021 жылға тұспа-тұс келді. Сол жылы республика бойынша 445 875 сәби дүние есігін ашып, тарихи рекорд орнатылған екен.
Туу көрсеткіші төмендеді
Алайда содан бергі төрт жыл ішінде демографиялық ахуал кері кете бастаған. Яғни, кейінгі бес жылда туу көрсеткіші 25%-ға кеміді. Ресми дерек бойынша, 2025 жылдың қорытынды көрсеткіші (335 005 сәби) 2021 жылғы жоғары деңгеймен салыстырғанда 24,8%-ға немесе 110 870 балаға азайған. Мәселен, елдегі жалпы туу көрсеткішін әр жылдарға шаққанда 2021 жылы 446 мың нәресте туса, 2022 жылы – 404 мың, 2023 жылы – 388 мың, ал 2024 жылы – 366 мың, 2025 жыл 335 мың сәби дүниеге келген. Бұл – соңғы 15 жылдағы ең төменгі көрсеткіш саналып отыр.
Эксперт-демограф, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жанындағы демографиялық процестерді талдау орталығының жетекшісі Аяулым Сағынбаеваның сөзінше, халық санының өсу қарқыны біртіндеп баяулап келеді, бұл халықтың табиғи қозғалысындағы және миграциялық процестердегі өзгерістерге байланысты.
– Қазақстанда туу деңгейінің тұрақты төмендеу кезеңі енді басталды. Біз 2020 жылдары туу деңгейінің төмендеуінің қазіргі кезеңіне кіреміз деп болжаған едік, бірақ пандемия жылдарында бала туу саны ешкім күтпеген көрсеткішке көбейді. Әдетте, пандемия немесе басқа да күйзеліс жылдары туу және неке деңгейі төмендейді, ал ажырасу деңгейі артады. Бірақ Қазақстанда керісінше процесс орын алды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы жалпы туу коэффициенті (ЖКК) репродуктивті жастағы бір әйелге 2,57 тууды құрап, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 0,23 пайызға төмендеген, – деді деморгаф.
Оның айтуынша, жалпы ұлттық деңгейде халық санының өсу қарқыны 1%-ға дейін төмендеген, бұл демографиялық дамудың орташа үрдісіне көшуді көрсетеді. Алайда Аяулым Сағынбаева 2026 жылғы 1 наурызындағы жағдай бойынша халық саны 20 532 240 адамға жетіп, жыл басымен салыстырғанда 0,2%-ға немесе 32 400 адамға өскенін айтты. Оның айтуынша, 2026 жылдың басында халық саны 20 499 822 адамды құраса, жылдық өсу қарқыны 216 423 адамды құраған. Бұл ел бойынша оң демографиялық тепе-теңдіктің сақталуын көрсеткенімен, аймақтар бойынша оның үлесі біркелкі емес.
коллаж: Елдар ҚАБА
Ресми ақпарат көздеріндегі дерек бойынша, 2025 жылы туудың ең жоғары коэффициенті Түркістан (1000 тұрғынға 22,22 адам), Маңғыстау (21,40) облыстарында және Шымкент қаласында (21,76) тіркелді. Туу көрсеткішінің негізгі үлесі 25-29 жас аралығындағы әйелдерге – 27%, сондай-ақ 30-34 жас аралығындағы әйелдерге – 26,1% тиесілі. Былтыр 20 жасқа дейінгі қыздар – 10,4 мың баланы, ал 50 жастан асқан әйелдер 148 баланы дүниеге әкелген. 20 жасқа дейін босанған аналардың саны Түркістан облысында басым болса, 50 жастан асып дүниеге нәресте әкелген аналар саны Алматы қаласында көп.
Репродуктивті жастағы әйелдер саны азайған
2025 жылы дүниеге сәби әкелген ананың орташа жасы 29,9 жас болса, алғаш рет босанған аналардың жасы – 25,3 жас. Былтыр туған балалардың 24% (79,8 мың бала) отбасының тұңғышы атанса, кезек саны бойынша отбасында төртінші болып 53,5 мыңнан астам бала дүниеге келген. Сондай-ақ былтыр 3 430 егіз дүние есігін ашса, үшемдер саны – 26.
Дегенмен 2025 жылы «демографиялық донор» саналатын аймақтарда да бала туу көрсеткіші төмендеген. Мәселен, былтыр Түркістан облысында 47 813 сәби дүние есігін ашып, республикадағы барлық туған балалардың 14,2%-ын құраған. Бірақ 2021 жылғы көрсеткішпен (65 002 бала) салыстырғанда, өңірдегі туу көрсеткіші 26,4%-ға азайған. Ал солтүстік және орталық өңірлерінде туу көрсеткіші ең төменгі деңгейде қалып отыр. Яғни, Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылы небәрі 4 653 бала туған. Бұл Түркістан облысының көрсеткішінен 10 есе аз. Сонымен қатар ең аз көрсеткіш жаңадан құрылған Ұлытау облысында тіркелді – 3 560 сәби. Бұл аймақтың демографиялық әлеуетінің әлі де төмен екенін білдіреді.
Демограф мамандардың пікірінше, елдегі бала туу көрсеткішінің төмендеуінің логикалық себебі бар. Яғни, қазіргі жастар көбіне отбасын құруды кейінге қалдырады, алдымен білім алып, кәсіби тұрғыда қалыптасуға ұмтылады.
«Жастар алдымен білім алып, кәсіби тұрғыда қалыптасып, қаржылық тұрақтылыққа жетуді қалайды. Отбасы құруды кейінге қалдыру – олардың отбасыдан бас тартуы емес, жаңа өмір ырғағының әсері», – дейді сарапшы Арна Дүйсенова.
Сонымен қатар Қазақстанның демографиялық әлеуетін әлі де жоғары деп бағалауға негіз бар. Статистика деректері бойынша, бүгінде елімізде 24 жасқа дейінгі жастар халықтың шамамен 35%-ын құрайды, бұл халықтың әлі де болса өсу қабілетінің жоғары екенін білдіреді. Аяулым Сағынбаева қазіргі өзгерістерді орынсыз дабыл қағу себебі ретінде қабылдауға болмайды дейді. Өйткені туу деңгейінің байқалған төмендеуі көбінесе объективті демографиялық өзгерістерге байланысты.
– Бұл бірінші баланы дүниеге әкелу жасының ұлғаюымен және активті репродуктивті жастағы әйелдер санының азаюымен байланысты. Соңғы жылдары туудың жоғары деңгейін көбіне 1980 жылдары дүниеге келген әйелдер қамтамасыз етіп отыр және олардың репродуктивті кезеңі аяқталуға жақын.
Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары дүниеге келген әйелдердің ең жас буыны белсенді репродуктивті жасқа (25-29 жас) енді аяқ басты. 2026 жылдың басында 25-29 жастағы әйелдер саны 558 400 ғана болса, бұл көрсеткіш 2020 жылдың басында 736 600 болған еді. Кейінгі 5-6 жыл ішінде жас когортасының айтарлықтай азаюы туу деңгейіне және тиісінше, жалпы демографиялық көрсеткіштерге тікелей әсер етеді. Яғни, репродуктивті жасқа енді ғана толып жатқан жастар 1990 жылдардың ортасы мен 2000 жылдардың басындағы дүниеге келген балалар екенін ескерсек, сол жылдардағы демографиялық ахуал да мәз емес еді. Нақтырақ айтсақ, 1999 жылы елдегі жалпы туу көрсеткіші ең төменгі деңгейде тіркеліп, 1,8 болғанын ұмытпауымыз керек. Осылайша, сол кездегі төменгі туу көрсеткіші бүгінгі репродуктивті жасқа жеткен аз ғана ұрпақтың шоғырын қалыптастырып отыр, – деді маман.
Жастар бала сүюге асықпайды
Сарапшылар демографиялық ахуалдың өзгеруіне көбіне әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар, урбанизация және жастардың өмір салтының құбылуы, денсаулық мәселесі басты себеп деп санайды. Сонымен қатар халықтың қартаюы да елдегі туу көрсеткішінің төмендеуіне ықпал етеді дейді.
инфографика: Елдар ҚАБА
БҰҰ-ның болжамды деректеріне сәйкес, алдағы он жылда Қазақстандағы туу көрсеткіші одан әрі төмендей беруі мүмкін. Себебі елімізде алдағы бірнеше онжылдықта 65 жастан асқан халық саны айтарлықтай өсіп, 2050 жылға қарай 2,2 есеге артады деген болжам бар. Бұл ретте егде жастағы адамдар үлесінің ұлғаюы балалар үлесінің төмендеуімен қатар жүреді. 2050 жылға қарай балалар санының үлесі 29%-дан 23%-ға дейін төмендейді және туу көрсеткішіне кері әсер етеді. Сондай-ақ елдегі көші-қон және өлім-жітімнің салдары да халық санының азаюына әкеледі. Демограф-мамандар 2025 жылдың соңына қарай өлім саны 134 700 адамды құрағанын айтады. Олардың есебінше, былтыр жалпы өлім-жітім деңгейі 1000 адамға шаққанда 6,61-ді құрап, 2024 жылмен салыстырғанда, қайтыс болғандар саны өскен. Бұл да халықтың демографиялық ахуалын айтарлықтай өзгертеді десек, өңірлерден халықтың қалаға қарай ағылу процесі де туу көрсеткішінің төмендеу проблемасын тудырып отыр. Мәселен, кейінгі бес жылда облыстарда халық санының азаю процесі қарқын алып барады. Демографтарды, әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысы ерекше алаңдатып отыр. Бұл өңірде дүниеге келген нәрестелер санына қарағанда қайтыс болғандар саны артқан, бұған қоса облысқа көшіп келетіндер азайып, басқа жаққа қоныс аударатындар көбейген.
– Солтүстік Қазақстан облысында табиғи кему бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Осыған ұқсас жағдай көршілес Қостанай облысында да байқалады. Өңір халқы табиғи кему, яғни өлім-жітім салдарынан да азайып жатыр. Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары да осының жақын шегінде тұр. Сондықтан бұл мәселе ерекше алаңдатушылық тудырады. Оның үстіне Қостанай, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары «қартайған» өңірлерге жатады. Республика бойынша 65 жасқан адамдардың пайыздық үлесі 9,2%-ға тең болса, ең жоғары көрсеткіш осы облыстарда тіркеліп отыр, – деді А.Сағынбаева.
2024 жылы Қазақстан халқы арасында жүргізілген зерттеу деректері бойынша азаматтардың 3,9%-ы балалы болғысы келмейді. Некелі отбасылар арасында 51,3%-ы балалы, бірақ олар тағы да балалы болуды жоспарламайды. Ал жас отбасылардың 11,3%-ы бір баламен шектелсе, 13%-ы екі бала болғанын қалайды, 9,1%-ы үш балалы болғысы келсе, 10,5%-ы төрт немесе одан да көпбалалы болуға ниетті.
Бір қызығы, қала тұрғындарының арасында бала сүюден мүлде бас тартатындар саны ауыл халқына қарағанда көбірек. Бала сүюден мүлде бас тартқандар қалада – 4,5%, ауылда – 3%.
Бала сүюге деген ниет немесе оны жоспарламаудан бөлек, туу көрсеткішіне физиологиялық мүмкіндіктер де айтарлықтай әсер ететінін алға тартады мамандар. Олардың айтуынша, туу көрсеткішінің төмендеу себептерінің бірі – бедеулік диагнозы қойылған адамдар санының артуы. 2024 жылдың алғашқы алты айында осындай диагнозбен 29,1 мың әйел мен 102 ер адам есепте тұрды. Аталған сандар да еліміздегі демографиялық ахуалға кері әсер етіп, туу көрсеткіштерінің құлдырауына қосымша себеп болып отыр.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ