Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында мазмұнды әрі тағылымдық мәні зор экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шара қалалық Білім басқармасына қарасты «Жеңіл өнеркәсіп және сервис» колледжінде өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бүгінде қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрмыстық қалдықтардың зиянына қоғам назарын аудару – өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта өткен іс-шара барысында колледж студенттері қала тұрғындарына арнайы дайындалған ақпараттық хаттар таратты. Ерекшелігі – хаттар пластик пакет пен пластик бөтелкенің атынан жазылған. Онда олардың күнделікті өмірдегі қолайлылығымен қатар, табиғатқа тигізетін зияны жан-жақты баяндалған.
Атап айтқанда, пластик қалдықтардың 100-400 жылға дейін ыдырамайтыны, қоршаған ортаны ластап, адам денсаулығына кері әсер ететіні туралы нақты деректер ұсынылды. Мұндай мазмұндағы ақпарат әрбір адамды ойландырып, экологияға жауапкершілікпен қарауға үндейді.
Іс-шара аясында студенттер шығармашылық қабілеттерін де танытты. «Көктем» тақырыбында флешмоб билеп, «Сөз өнері» үйірмесінің мүшелері табиғат туралы өлеңдер оқыды. Сонымен қатар жастар арасында кең таралған энергетикалық сусындардың зияны туралы ақпарат беріліп, салауатты өмір салтын насихаттайтын «Экофреш» жобасы таныстырылды.
Танымдық бағыттағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Химия пәнінің оқытушысы Гүлім Ермекбай бөлме өсімдіктеріне күтім жасау бойынша тәжірибелік сабақ өткізсе, оқытушы Жеңіскүл Аймен «Өңірдің экологиялық мәселелері және оны шешу жолдары» тақырыбында кураторлық сағат ұйымдастырды. Сабақ барысында өңірдегі экологиялық ахуал, оның себептері мен шешу жолдары жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар колледж кітапханашылары экологиялық көрме ұйымдастырып, табиғатты қорғау тақырыбындағы кітаптар мен ақпараттық материалдарды көпшілік назарына ұсынды.
Бұл іс-шара студенттердің экологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қоғамға маңызды ой салған тиімді бастама ретінде ерекшеленді.