Жетісу университеті Horizon жобалары арқылы ғылымды дамытады

Horizon жобаларына қатысу университеттің академиялық ұтқырлығын кеңейтуге, ғылыми байланыстарды нығайтуға және халықаралық ғылыми іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті соңғы бес жыл ішінде Еуропалық Одақ қаржыландыратын Horizon бағдарламасы аясындағы жобаларға белсенді қатысып келеді. Университет бұл жобаларды халықаралық консорциумдар құрамында жүзеге асырады, онда Еуропа, Орталық Азия, Солтүстік Америка және Шығыс Азия елдерінің жоғары оқу орындары, зерттеу орталықтары және серіктес ұйымдары біріктірілген, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

2022 жылдан бастап университет Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орындарының бірі ретінде Central Asian Law: Legal Cultures and Business Environments in Central Asia жобасына қатысып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады.

Қазіргі таңда университет Horizon бағдарламасының бірқатар ірі жобаларына қатысуда. Олар:

  • MOCCA (2023–2026) – Central Asia-дағы сыбайлас жемқорлықтың көпдеңгейлі құрылымдарын пәнаралық тұрғыда зерттеу;
  • POLCA (2026–2029) – Батысқа жатпайтын қоғамдардағы құқық пен басқару реформаларының саяси экономикасын зерттеу;
  • SOCIAL (2026–2029) – Орталық Азия контексінде құқық, қоғам және мемлекеттік басқару өзара байланысын зерттеу және докторанттарды даярлау жобалары.

Аталған жобалардың үйлестірушісі – Швециядағы Лунд университеті.

Horizon жобаларына қатысу университеттің академиялық ұтқырлығын кеңейтуге, ғылыми байланыстарды нығайтуға және халықаралық ғылыми іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Соңғы бес жыл ішінде Жетісу университетіне серіктес жоғары оқу орындарынан 50-ден астам шетелдік ғалым келіп, профессор-оқытушылар құрамына, жас ғалымдарға, докторанттар мен магистранттарға арналған семинарлар мен қонақ дәрістер, ғылыми кездесулер өткізді.

Сонымен қатар, университет қызметкерлері Цюрих университетінде, Лунд университетінде, Цукуба университетінде және Мармара университетінде ғылыми тағылымдамалардан өтіп, халықаралық семинарлар мен воркшоптарға қатысып, өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды. Бұл тәжірибе университеттің әлемдік ғылыми қауымдастыққа интеграциялануына ықпал етіп, оқытушылар мен зерттеушілердің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Horizon бағдарламасы жобаларына қатысуы оның халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі беделінің тұрақты түрде артып келе жатқанын айқындайды.

Әлемнің 15-тен астам елінен жетекші ұйымдарды біріктіретін халықаралық консорциумдардағы жұмыс университетке академиялық байланыстар мен зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, Орталық Азия және одан тыс өңірлердегі құқық, басқару, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, институционалдық реформалар және қоғамдық даму мәселелерін зерттеуге өз үлесін қосуға жол ашады.