Үш күнге созылған тартысты додада Шығыс дивизионына қарасты жоғары оқу орындарының командалары өзара бақ сынасып, шеберліктерін көрсетті.
Жарыстың алғашқы күнінде Шәкәрім университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Әлихан Бөкейхан университеті, Семей медицина университеті және І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің командалары алаңға шығып, жанкүйерлерге қызықты әрі тартысты ойын сыйлады. Әр кездесу жоғары қарқынмен өтіп, командалар тактикалық шеберлігі мен командалық үйлесімділігін көрсете білді.
Жетісу өңірінде ерлер мен әйелдер арасында өткен маңызды спорттық шараны І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті қабылдап, ұйымдастырған еді. Білім ордасының заманауи спорттық базасы мен қаладағы Жетісу волейбол орталығы жарысты кәсіби деңгейде өткізуге толық мүмкіндік берді.
Волейбол – ептілік пен шапшаңдықты, төзімділік пен дәлдікті талап ететін спорт түрі. Командалар шабуыл мен қорғаныс арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, ұпай еншілеу жолында тамаша ойын өрнегін көрсетті.
Семей, Өскемен жеріндегі жоғары оқу орындарының қыздар және ұлдар командасының мүшелері волейбол ойынының техникасын жақсы меңгергенін көрсетіп, көрермендердің көзайымына айналды. Үш күн бойы бақ сынасқан командалар бүгін ақтық ойынға шығып жеңімпаз команданы анықтады. Қыздар арасында жүлделі ІІІ орын Әлихан Бөкейхан университетіне, ІІ орын Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне бұйырды. Ал І орынды алаң иесі І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің командасы жеңіп алды. Ұлдар арасындағы тартысты ойында ІІІ орынды Семей медицина университеті, ІІ орынды Шәкәрім университетінің командасы алса, І орынға І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің командасы ие болды. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Жалпы, Ұлттық cтуденттік лиганың бұл кезеңі тек спорттық дода ғана емес, сонымен қатар достық пен ынтымақтастықтың, өзара құрмет пен қолдаудың алаңына айналды.