Шымкенттегі қайғылы жағдай: 8-сынып оқушысының өлімі тергеліп жатыр

Ол өз-өзіне қол жұмсаған.

Шымкент қаласында қайғылы жағдай тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

8-сынып оқушысы үйінде көз жұмған.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, оқиға 6 сәуір күні болған. Жасөспірімді туыстары үйінен тапқан. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылғанымен, дәрігерлер келген кезде оның өмірлік белгілері болмаған.

Ресми деректерге сәйкес, оқушы бұрын қандай да бір медициналық есепте тұрмаған. Қазіргі уақытта оның өліміне не себеп болғаны анықталып жатыр.

Аталған жайт бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады.

«Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді шаралар жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.

Айта кеткен дұрыс, бұған дейін қалалық білім басқармасы 2025 жылы отбасылық жанжалдарға байланысты 11 оқушының қаза болғанын мәлімдеген еді.