9 сәуірде бокстан Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер арасындағы шешуші жекпе-жектер аяқталып, құрлықтағы үздіктер анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қазақстан әйелдер құрамасы аталған беделді турнирде бес медаль жеңіп алды, оның екеуі алтын.
Осылайша әйелдер арасында бокстан 2026 жылғы сары құрлық біріншілігі өз мәресіне жетті. Бұрымды боксшыларымыз бұл жарыста жалпы саны бес медаль жеңіп алды. Оның екеуі алтын, біреуі күміс және екі қола медаль. Осы нәтиженің арқасында Қазақстан жалпы командалық есепте екінші орынға тұрақтады. Бірінші орында Үндістан (4 алтын, 2 күміс, 4 қола), ал үздік үштікті Қытай түйіндеді (2 алтын, 3 қола).
Еске сала кетейік, Надежда Рябец (80 келіге дейін) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) жеңіске жетті. Ал Бақыт Сейдіш (70 келіге дейін) күмістен алқа тақса, Әйгерім Сәттібаева (48 келіге дейін) мен Валентина Хальзова (75 келіге дейін) қола жүлдемен жарысты аяқтады.
Ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин әйелдер арасындағы бәсеке аяқталған соң Olympic.kz сайтына сұхбат берді. Бапкер берген сұхбатында, құраманың өнеріне баға беріп, жарысты қорытындылады.
"Бұл жарысқа қатысқан боксшыларымыздың басым бөлігі Азия чемпионатына алғаш рет шықты. Соған қарамастан, Дина Исламбекова мен Надежда Рябец финалда тактикалық жоспарға сай жұмыс істеп, жеңіске жетті. 10 минутта барын күшін салып, осылай чемпион атанып отыр. Дегенмен әлі де жетілдіретін тұстар бар. Ал жалпы қыздарымыздың өнеріне көңілім толады. Барлығы да барын салып, лайықты деңгейде жұдырықтасты.
Әр спортшы Азия чемпионатына алтын жүлде алу үшін келеді. Бірақ жарыс барысында жеребе, түрлі жағдайлар әсер етеді. Сондықтан бәрі бірдей чемпион атануы мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, екі алтын медаль - өте жақсы нәтиже. Қойылған мақсат толық орындалды деуге болады", - деп бағалады бас бапкер.
Бұдан бөлек, бас бапкер жартылай финал мен шешуші кезеңге жете алмаған спортшылардың өнеріне де тоқталды.
"Әрине, кейбір спортшыларымызға тәжірибенің жетіспей жатқаны байқалды. Дегенмен дәл осы Азия біріншілігі олар үшін үлкен сабақ болды. Бірқатар қызымыз енді-енді өздерін жақсы қырынан көрінуде. Жеңіліп қалған спортшыларымыз да спаррингтер өткізіп, шеберліктерін шыңдауда.
Тәжірибелі боксшыларымыз туралы айтсақ. Мәселен, 54 және 60 келіде сынға түскен қыздарымыз жеңіліп қалды. Алайда олар есе жіберген боксшылар кейін чемпион атанды. Одан бөлек, Хальзованың қарсыласы да кейіннен жеңімпаз болды. Бұл - біздің спортшылардың да осал емес екенін көрсетеді. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді", - деді маман.
Сонымен қатар Елдос Сайдаллин құрама сапындағы жас боксшыларға кей тұстарда тәжірибе жетіспей қалғанын атап өтті. Соған қарамастан, олардың рингте барын салып, лайықты деңгейде өнер көрсеткенін тілге тиек етті.
"Жас боксшыларымыз психологиялық қысымды еңсере білді. Бірақ кей сәттерде тәжірибенің аздығы байқалды. Ұсақ қателіктер де кездесті. Енді сол олқылықтарды түзеп, жүйелі жұмыс жүргізілсе, алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижелерге жетеміз.
Мысалы, Бақыт Сейдіш пен Ұлжан Сәрсенбек жақсы өнер көрсетті. Ұлжан Таиланд спортшысымен тартысты жекпе-жек өткізді. Ал Таиланд өкілі кейін финалда әлем чемпионын жеңді. Сондықтан жастарға үлкен үміт артамыз", - деді бапкер.
Сондай-ақ бас бапкер Азия чемпионатынан кейінгі алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, физикалық дайындыққа баса назар аударылмақ.
"Елге оралған соң, 7 мамырдан бастап оқу-жаттығу жиындарын бастаймыз. Қазір таңда осы турнирмен қатар, қыздарымыз Бразилияда, Финляндияда, сондай-ақ, Түркия мен Бакуде өнер көрсетуде. Құрама сапындағы әр боксшы тұрақты түрде жарысқа қатысуда. Ендігі кезекте физикалық дайындыққа баса мән береміз. Себебі алдағы Азия ойындарына қатысатын спортшыларымыз бабында болуы тиіс. Ал Азия чемпионаты дайындық әрі жас қыздарымызға тәжірибе ретінде өтті деуге болады", - деп қорытындылады Елдос Сайдалин.