Astana Hub қатысушысы – Cyber Temple студиясы DarkSwitch ойынын ұсынды. Ол жарыққа шықпай тұрып-ақ, жаһан назарын жаулаған жобалармен иық тіресті. Оның қоржынында аса танымал Silent Hill сериясының саундтректері де бар. Осылайша, отандық ойын индустриясы әлемге танылған автормен жарқын әріптестік орната алатынын айшықтай түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба қолданушылардың назарын аңдатпа кезінде аударып үлгерді. 230 мыңнан астам қолданушы ойынды күту тізіміне қосты. Ойын өз жанрында аптаның топ-5 ең көп күтілетін ойындарының қатарына еніп, ситибилдерлер арасында 8-орынға көтерілді.
DarkSwitch – дарк-фэнтези әлеміндегі қала құрылысы симуляторы және экономикалық стратегия көрінісі. Ойыншының негізгі міндеті – жұмбақ тұманнан төнетін қауіптен қорғану үшін алып ағаштардың айналасында қаланы дамытып, қоныстың өміршеңдігін сақтау. Жоба мазмұнды әлемімен, айқын кейіпкерлерімен және әр шешім қалаға да, кейіпкерлер тағдырына да әсер ететін сюжетімен ерекшеленеді.
Компанияның негізін қалаушы әрі бас директоры Алексей Назаровтың айтуынша, DarkSwitch жобасын 50-ден астам маманнан құралған халықаралық команда әзірлеген, олардың жартысынан көбі – қазақстандықтар. Сондай-ақ жобаға ТМД елдері, Испания, Польша, Сербия, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай және Жапония мамандары атсалысқан.
«DarkSwitch жобасына көп күш жұмсап, жанымызды салдық. Төрт жылдан астам уақытымызды арнадық. Алғашқы пікірлерді оқып, сол еңбектің ақталғанын көріп отырмыз. Релизге бірнеше күн қалғанда SteamDB платформасындағы Upcoming Releases бөлімінде 5-орынға шығу жарқын нәтиже деп білемін. Бұл DarkSwitch-тің әлемдегі мыңдаған жоба арасында ең көп күтілетін ойындардың бірі екенін дәлелдейді. Жобаның нәтижесіне қарай оны әрі қарай дамытамыз: ойынды консольдер мен басқа құрылғыларға бейімдейміз, қосымша контент (DLC) шығарамыз, сондай-ақ жаңа бастамаларды іске қосамыз», – деді ол.
Жобаның басты ерекшелігі – қаланың тік архитектурасы. Шектеулі кеңістік көп деңгейлі инфрақұрылым құруды талап етеді. Ойында 80-нен астам ғимарат түрі мен бірнеше технологиялық деңгей бар. Барлық графика қолмен жасалған, бұл ойынның бірегей стилі мен әсерін күшейтеді.
Ойын бәсекелі нарықтарға бағытталған. Қазіргі таңда алты тілде қолжетімді: ағылшын, француз, неміс, қытай, орыс және поляк тілдері. Дыбыстау ағылшын және орыс тілдерінде ұсынылған. Жаһандық өнім жасай отырып, студия қазақ тіліндегі нұсқасын әзірлеп жатыр. Команда үшін әлемнің түкпір-түкпіріндегі қолданушылар ойынды жүктеген сайын Қазақстанның туын көруі маңызды.
DarkSwitch релизі отандық геймдев индустриясының жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Елде жаһандық нарыққа бағытталған, халықаралық аудиторияның назарын аудара алатын өнімдер жасайтын әзірлеушілер қалыптасып келеді.
Cyber Temple – Astana Hub қатысушысы, компьютерлік және мобильді ойындар әзірлейтін тәуелсіз студия. Халықаралық бағыт пен баспагерлік қызметті Cyber Temple Games LLC арқылы жүзеге асырады. Steam – миллиондаған қолданушысы бар және ойындарды жаһандық нарыққа шығаруға мүмкіндік беретін ірі цифрлық платформа.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.